Иран президенті Масуд Пезешкиан: «Израиль маған қастандық жасамақ болды»
Фото: IRIB/Morteza Fakhri Nezhad

Иран президенті Масуд Пезешкиан: «Израиль маған қастандық жасамақ болды»

Иранның жаңа сайланған президенті Масуд Пезешкиан өзін өлтіру әрекеті жасалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Иә, олар қастандық жасамақ болды. Белсенді әрекет еткен, бірақ ол сәтсіз аяқталды», – деді Пезешкиан.

Иран басшысының айтуынша, шабуыл ұйымдастырылған сәтте ол маңызды отырыста болған. Сол кезде Израиль шабуылды дәл сол аудандағы нысанаға бағыттаған. Бұл оқиға президенттің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген.

Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс

Айта кетейік, екі ел арасындағы жағдай маусым айында күрт шиеленіскен болатын. Израиль Иранға зымыранмен соққы жасап, оған АҚШ әскери күші қосылып, Ирандағы үш ірі ядролық нысанаға шабуыл жасаған.

Жауап ретінде Иран Израильге 550-ден астам баллистикалық зымыран атқылаған. Олардың көпшілігі тосқауылдан өткен жоқ, дегенмен шабуылдар салдарынан 28 адам қаза тапқан.

Иранның өз ішінде 900-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған азамат жараланған. HRANA құқық қорғау ұйымының мәліметінше, құрбандар саны 1 190 адамға жетуі мүмкін.

Ядролық ынтымақтастық тоқтады

Қақтығыстар нәтижесінде МАГАТЭ Ирандағы ядролық нысандарға бақылау жүргізу мүмкіндігінен айырылды. Президент Пезешкиан агенттікпен ынтымақтастықты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Шабуылдар екі тарап арасында 12 күнге созылған әскери қақтығысқа ұласты. 23 маусым күні Иран Катардағы АҚШ әскери базасына соққы жасап, жағдайды ушықтырмауға ниетті екенін мәлімдеді.

Уақытша бітім жарияланды

Осыдан кейін АҚШ-тың  президенті Дональд Трамп екі тараптың келіссөзге келу ықтималдығы туралы пікір білдіріп, Израиль мен Иран уақытша бітімге келіскенін жария етті. Оның айтуынша, бұл қадам Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа жол ашуы мүмкін.