Қарағанды облысында болған жантүршігерлік жол апаты жеті адамның өмірін жалмады. Тағы екі жолаушы ауыр жарақатпен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Алдын аңдамаған, опық жейді
5 шілде күні Балқаш бағытымен келе жатқан «Kia Sedona» жүргізушісі қауіпті қателік жасап, жол белгілеріне мән берместен, алдыңғы көлікті басып озбақ болған. Бұл әрекет жол жөндеу жүріп жатқан аймақта орын алып, көлік металл қоршауға соғылған. Соққыдан кейін бірнеше секунд ішінде көлік отқа оранып, лезде лап ете түскен.
Ажал айтып келмейді
Апаттан тек екі адам — жүргізуші мен жолаушылардың бірі аман шыққан. Қалған жеті адам, оның ішінде балалар болуы мүмкін деген мәлімет бар, көліктен шыға алмай тірідей жанып кеткен. Қазіргі уақытта олардың жеке басы анықталып жатыр.
Іс тергелуде
Оқиға орнына тергеушілер жетіп, қылмыстық іс қозғалды. Қазір апаттың нақты себептері мен жағдайлары анықталып жатыр. Сараптамалар тағайындалған.
Сақтансаң — сақтайды
Қарағанды облыстық полиция департаменті жүргізушілерге қарапайым қауіпсіздік ережелерін естен шығармауға шақырды.
«Ұзақ жолға шықпас бұрын демалыңыздар, асықпаңыздар. Бұл – өмірді құтқаратын ереже», – деді департамент өкілі.