Словениялық бапкер «Қайраттың» 16 жастағы шабуылшысын ерекше атап өтті
Фото: fckairat.com

Словениялық бапкер «Қайраттың» 16 жастағы шабуылшысын ерекше атап өтті

Словенияның «Олимпия» клубының бас бапкері Жорже Симау алматылық «Қайратпен» өтетін Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі алдындағы пікірін білдіріп, қазақстандық клубтың сапындағы жас шабуылшы Дастан Сатпаевты ерекше атап өтті, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы penalty.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайрат – қарқыны жоғалмаған команда

«Қайрат» биылғы Қазақстан Премьер-лигасында жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Команда турнир кестесінде 16 турдан кейін көш бастап тұрған «Астанадан» небәрі бір ұпайға ғана қалып тұр. Алматылық клуб 2025/26 жылғы Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде словениялық «Олимпиямен» кездеседі.

Алғашқы матч 8 шілдеде Люблянада, ал қарымта ойын 15 шілдеде Алматыда өтпек.

Жас жұлдызға баға

Матч алдындағы баспасөз жиынында Жорже Симау «Қайраттың» ойын үлгісі мен жас ойыншысына тоқталып өтті:

«Олардың жарыс ырғағында жүргені бізге қарағанда бір артықшылық. Дегенмен бұл жағдайды толық басымдық деп айта алмаймын. Біз олардың бірнеше кездесуін зерттей аламыз, ал олар бізді толық талдай алмайды. Бұл журналистер үшін қызық. Ең бастысы – шабуыл шебінде өте мобильді 16 жастағы ойыншы бар. Ол қазірдің өзінде «Челси» клубымен келісімшартқа отырған. «Қайрат» ұзын пастар мен әуе доптарына иек артып, өзгеше футбол ұстанады. Сондықтан бізді оңай қарсылас күтіп тұр деп ойламаймын», – деді Симау.

Сатпаев – ел футболының үміті

Дастан Сатпаев – биылғы маусымда «Қайрат» сапында жарқ етіп шыққан жас таланттардың бірі. Оның Англияның «Челси» клубымен келісімге келуі – қазақстандық футбол үшін тарихи жетістік саналады. Жас шабуылшының ойынына еуропалық мамандардың назары түсіп, болашағынан зор үміт күттіріп отыр.