Кофеин қартаюды баяулататыны дәлелденді – ғалымдардың тың жаңалығы
Anyqtime.kz хабарлағандай, Лондондағы Мария ханшайым университетінің ғалымдары кофеин – әлемдегі ең кең таралған психобелсенді зат – жасушалық деңгейде қартаюды баяулата алатынын анықтады.
Зерттеу нәтижелері Microbial Cell ғылыми журналында жарияланды. Бұған дейін кофеиннің қартаюға байланысты аурулардың даму қаупін төмендететіні белгілі болғанымен, оның нақты әсер ету механизмі белгісіз болып келген еді.
Бұл жолы ғалымдар тәжірибені ашытқыда (дрожж) жүргізген – бұл бір жасушалы ағзалар адам жасушаларына құрылымы мен қызметі жағынан ұқсас. Тәжірибе барысында кофеин жасушаның өмір сүру ұзақтығымен байланысты ежелгі энергетикалық жүйесін белсендіріп, оның тіршілік ету қабілетін арттыратыны анықталды.
Ғалымдардың айтуынша, кофеин бұрын ойлағандай TOR деп аталатын өсу реттегішіне тікелей әсер етпейді екен. Оның орнына, ол AMPK деп аталатын басқа бір механизмге ықпал етеді.
AMPK – жасушадағы энергия жетіспеген кезде іске қосылатын фермент. Ол жасушаға күйзелісті еңсеруге және қалпына келуге көмектеседі. Кофеин дәл осы фермент арқылы жасуша өсуіне, ДНҚ-ны қалпына келтіруге және зақымдануға төзімділігін арттыруға әсер етеді – бұл қартаюмен тікелей байланысты процестер.
AMPK – сонымен қатар қартаюды баяулатуға бағытталған зерттеулерде қолданылып жүрген қант диабетіне қарсы метформин препаратының да нысанасы.
Ғалымдар кофеиннің жаңа әсер ету тетігі оның денсаулық пен ұзақ өмірге пайдалы болуы мүмкін екенін түсіндіреді.
Бұған дейін зерттеушілер менопауза кезеңінен кейінгі гормондық терапияның екі негізгі түрі әйелдерде жиі кездесетін онкологиялық ауруға әртүрлі әсер ететінін анықтаған болатын.