Өзі тәрбиелемеген балаға тегімді беріңдер деп талап қойған қазақстандық елді таңғалдырды
Баламен қарым-қатынас орнатпаған азамат баланың тегін өзінікіне өзгертуді талап етті – сот анасының жағында болды. Бұл ерекше талап туралы Anyqtime.kz сайтына Ұлытау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, ер адам ұлының туу туралы акт жазбасына өзгерістер енгізу жөнінде анасына қарсы талап-арыз түсірген.
Соттың Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, тараптар 2020 жылы туған кәмелетке толмаған баланың ата-анасы болып табылады. Баламен биологиялық әкелік байланысы 2024 жылғы 4 желтоқсандағы сот шешімімен заң жүзінде танылған.
Талапкер сотқа жүгініп, баланың тегін өзінің тегімен ауыстыруды сұрады. Оның пікірінше, әкелік құқық заңды түрде танылған соң, бала өз тегін емес, әкесінің тегін алып жүруі тиіс.
Сот отырысында талапкер өз талабында табандылық танытып, оны қанағаттандыруды сұрады. Айта кетерлігі, ол алимент төлеп жүргенімен, баланың өміріне белсенді қатыспайтынын мойындады, бірақ алдағы уақытта қарым-қатынас орнатуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
«Жауапкер талапты мойындамады және талапкердің баланы мүлде танымайтынын, баланың қазіргі жасы 5-те екенін, оның анасының тегін алып жүргенін және оған үйреніп қалғанын айтты. Сол себепті ол баланың тегін өзгертуді қолдамайтынын мәлімдеді», – делінген соттың жарияланымында.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 63-бабына сәйкес, баланың тегі ата-анасының тегімен айқындалады. Егер ата-анасының тегі әртүрлі болса, онда балаға әкесінің немесе анасының тегі келісім бойынша беріледі. Ата-аналар арасында есімі мен (немесе) тегі бойынша келіспеушілік туындаған жағдайда, мәселе сот тәртібімен шешіледі.
Нәтижесінде сот бала туған кезден бастап анасымен бірге тұрып келе жатқанын, әкелік құқық сол кезде заң жүзінде белгіленбегенін және балаға анасының тегі берілгенін анықтады. Ал талапкер баланың бар екенін біле тұра, ұзақ уақыт бойы әкелік құқықты заңдастыруға және ата-аналық міндеттерін орындауға еш әрекет жасамаған.
«Сот баланың тегін әкесінің тегіне өзгерту баланың мүддесіне сай келмейді деген қорытындыға келді. Осыған байланысты оның талабы қанағаттандырылмады», – деп түйіндеді мамандар