Тоқаев ICAO басшысын қабылдап, оған орден табыстады

8 шілде, 2025 / Ақбота Сабырхан
Фото: akorda.kz

2025 жылдың 8 шілдесінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) кеңес төрағасы Сальваторе Шаккитаноны қабылдады, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында Қазақстан аймақта тәуелсіз Авиациялық әкімшілікті құрған алғашқы ел болғаны атап өтілді. Бұл ұшу қауіпсіздігін бақылауды едәуір күшейтуге мүмкіндік берді. Өткен жылдан бері Монреалда Қазақстанның ICAO жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңсесі жұмыс істеп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар пайдалануға берілгенін, Алматы әуежайының өткізу қабілеті жылына 2,5 миллионнан 14 миллионға дейін алты есе артқанын хабарлады.

«Қазақстан мен ICAO арасында қол қойылып жатқан азаматтық авиацияға арналған бас жоспардың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Бұл құжат авиация саласының ұзақ мерзімді даму стратегиясы ретінде қызмет етеді. Өз кезегінде ICAO кеңес төрағасы еліміздің азаматтық авиация саласындағы жетістіктерін құттықтап, оның қарқынды дамуы, тұрақты өсуі және жүйелі құрылымын жоғары бағалады», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Сальваторе Шаккитаноға авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға қосқан үлесі үшін «Достық» орденінің І дәрежесін табыс етті.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 6 шілдесінде Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бокс құрамасының спортшыларымен кездесу өткізіп, олармен әңгімелесті. Спортшылар елге бірнеше марапат алып келген болатын.

Тэгтер:

Қасым-Жомарт Тоқаев президент Халықаралық әуе тасымалы Сальваторе Шаккитано ICAO