“Дубай, демала тұр”: Балқаштағы рекорд Қазнетте қызу талқыға түсті
Фото: pixabay.com

“Дубай, демала тұр”: Балқаштағы рекорд Қазнетте қызу талқыға түсті

Ел тұрғындары аптап ыстықтан қашып, бар су айдындары мен көлдерді толтырып тастады. Осылайша, 2025 жылдың 4–7 шілде күндері қазақстандықтар Балқашқа ағылды. Бұл демалыс күндері рекордтық туристік уикендке айналды, деп хабарлайды Anyqtime.kz

Қарағанды облысы әкімдігінің мәліметінше, үш күн ішінде қала мен жағалау аймақтарына 60 мыңнан астам адам барған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20%-ға көп.

Сондай-ақ орталық жағажайларда күн сайын 10 000-ға дейін демалушы болғаны атап өтілді. Әкімдіктің баспасөз қызметі демалушылар туралы бейнежазба да жариялады. Адамдарға лық толы жағажайлар Қазнет қолданушыларының арасында түрлі пікір тудырды.

Бірі әзіл араластырып: «Дубай, демала тұр. Балқаш – гүлден! Керемет қой!» – десе,
тағы бірі: «Қала дайын емес. 30 жылда шекердей қала қылып үлгеруге болар еді» – деп сын айтты.

Пікірлер арасында коммуналдық қызметкерлердің, құтқарушылардың және қоғамдық дәретханалардың жетіспеушілігіне байланысты наразылықтар да бар. Демалушылар төмен сападағы қызметке жоғары баға қойылғанына да шағымдануда.