Меруерт Түсіпбаева: «Майра апай маған “албасты” деді»
Әнші Меруерт Түсіпбаева сахнадағы аға буын өкілі, Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясоваға ренішін білдіріп, әлеуметтік желіде ашық жазба жариялады. Оның айтуынша, өнердегі әпкесі эфир кезінде өзін қорлап, «албасты» деген сөз айтқан. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме беріп хабарлайды.
Меруерт Түсіпбаева Instagram парақшасына Майра Ілиясованың сахна мәдениеті туралы айтқан видеосын жүктеп, өзіне қарата айтылған сөздердің негізсіз әрі ауыр тигенін жазды.
«Шүкір, мен артық салмақпен сахнаға шықпаймын, мас күйімде де өнер көрсетпеймін. Ең бастысы — ар-ұжданым да, туфлиім де таза. Бірақ, бірде Майра апай маған “албасты” деп тіл тигізді. Бұл сөзді есту мен үшін өте ауыр болды», – деп жазды ол.
Әнші бұл оқиға Мадина Ералиеваның рухына арналған бағдарлама барысында болғанын да атап өтті. Айтуынша, сол сәтте қасақана дау шығармай, марқұм әншінің құрметіне үнсіз қалған.
«Бағдарлама Мадина Ералиева әпкемізге арналды. Сондықтан сол жерде жанжал шығармадым. Әруақты сыйлап, соңына дейін үнсіз отырдым. Бірақ бұл сөз ішіме қатты батты», – дейді Түсіпбаева.
Ол бұл оқиғаны тек өзіне бағытталған жеке шабуыл деп емес, сахна әдебінің сақталмауы деп қабылдағанын айтады. Сонымен қатар, өнер адамдарының бір-біріне құрметпен қарауы қажет екенін де еске салды.