Абай облысының әкімі Берік Уәли Қытайдың ірі құрылыс және жылу энергетикасы корпорациясымен кездесті. Екі тарап Семейде жаңа ықшам аудан мен әкімшілік-іскерлік орталық салу мәселесін талқылады, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Сапардан – нақты жоспарға
Кездесу «Xinjiang Huayuan Holding Group Co. Ltd» корпорациясының бас директоры Ли Цзюнь бастаған делегацияның қатысуымен өтті. Аймақ басшысы бұған дейінгі Үрімшіге сапар аясында меморандумдар жасалып, кәсіпорынның жұмысымен танысқанын айтты.
«Өндіріс» индустриялық аймағын 600 гектарға дейін кеңейту жоспарда бар екенін жеткізген әкім, өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып жатқанын атап өтті.
Семей – Smart City жобасының орталығы бола ма?
Қытайлық тарап жаңа ықшам аудан жобасымен танысып, инфрақұрылым мәселесі шешілсе, нақты жобаларды ұсынуға дайын екендерін жеткізді. Ал облыс басшысы бұл мәселе жақын арада шешілетінін айтып, құрылысқа еш кедергі болмайтынын айтты.
«Аумағы 1000 гектарды қамтитын жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Заманауи қонақүй, жаңа жылу қазандығы, көпқабатты тұрғын үйлер қажет. «Smart City» жобасын бірге жүзеге асыруға шақырамыз», – деді Берік Уәли.
Келіссөздің келесі кезеңі Қытайда жалғасады
Ли Цзюнь Қытайға оралған соң арнайы жұмыс тобы құрылып, нақты ұсыныстар дайындалатынын мәлімдеді. Осылайша, Абай облысы мен Қытайлық инвесторлар арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.