Мәжіліс Төрағасы, "Amanat" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов республикалық "Жастар рухы" жастар саяси лагерінің "Бір толқында" диалог алаңына қатысты, деп хабарлайды Anyqtime.kz
Шығыс Қазақстан облысы, Горная Ульбинка ауылында еліміздің барлық өңірінен 500-ге жуық делегат жиналды. Іс-шараға сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты.
Бүгінде "Жастар рухы" жастар қанаты 100 мыңға жуық жасты біріктіріп, елдегі ең ірі жастар ұйымына айналды. Төртінші жыл қатарынан республикалық лагерь жастарға арналған тұрақты жұмыс істейтін жалғыз алаң болып отыр. Мұнда жастарды қолдауға қатысты өзекті мәселелер талқыланады.
Ерлан Қошанов өз сөзінде "Жастар рухы" ұйымының жұмысына ерекше серпін берген – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екенін атап өтті.
«Президент жастарға үш басты басымдықты нақты атап көрсетті. Олар – білімге ұмтылу, еңбекқорлық және отаншылдық. Бұл – жаңа буынның сапасын анықтайтын негізгі қасиеттер. Патриотизм деген – халқыңа адал қызмет ету, өз тарихыңды білу, тіліңе құрметпен қарау және ең бастысы – ел басына күн туғанда отаның үшін қол ұшын созуға дайын болу. Бұл құр ұран емес. Ең маңыздысы – Отаныңа адал болу, отбасыңа қамқор болу және мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қою. Президенттің барлық бастамалары осындай қарапайым, бірақ өте маңызды құндылықтарға негізделген. Заң үстемдігі мен тәртіп, "Адал азамат" тұжырымдамасы, "Таза Қазақстан" бүкілхалықтық қозғалысы – мұның бәрі Әділетті Қазақстанды құрудың негізі», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сондай-ақ, Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жылдың Еңбек адамдары жылы деп жарияланғанын еске салды. Бұл шешім – қоғам игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген жандарды қолдауға бағытталған.
Биылғы жастар лагеріне инженерлер, шахтерлер, металлургтер секілді жұмысшы мамандық иелерінен құралған 200-ге жуық жас қатысты. Олар – күнделікті еңбегімен ел экономикасын алға сүйреп жүрген азаматтар.
«Адал азамат» – әрдайым құрметке ие. Адал еңбек – әрдайым бағаланады. Жұмысшы жастар назардан тыс қалмауы керек. Біз оларды әрдайым қолдап, ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Сол себепті "Amanat" партиясы Үкіметпен бірлесіп "Жұмысшы жастар аманаты" атты жаңа жобаны іске қоспақ. Оның мақсаты – жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселелерін, оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету және кадрлық әлеуетін дамыту мәселелерін шешуге қолдау көрсету», – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы "Жастар рухы" белсенділері еліміздегі өткір мәселелерден ешқашан шет қалмағанын ерекше атап өтті. Мәселен, өткен жылы Түркістан облысында өткен лагерь отырысында лудомания (ойынқұмарлық), нашақорлық, несиелік жүктеме мен жұмыссыздық мәселелерін шешу жөнінде көптеген ұсыныстар айтылған болатын.
«Осы ұсыныстардың барлығы "Amanat" партиясының бастамасымен заң деңгейінде көрініс тауып, бүгінде жүйелі түрде мемлекеттік деңгейде шешімін тауып келеді. Бұл – жастар талқылауларының нақты нәтижесі», – деді ол.
"Жастар рухының" белсенділері елдегі өзгерістердің катализаторына айналып келеді. Олар Мемлекет басшысының "Таза Қазақстан" бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, оны экологиялық акциядан жалпыұлттық қозғалысқа айналдыруға үлес қосты. Бұл – жастардың жаңа "жасыл" ойлау мәдениетін қалыптастыруға қосқан елеулі үлесі.
Сондай-ақ, жастар түрлі төтенше жағдайларда, табиғи апаттар кезінде алғашқылардың бірі болып көмекке келіп, нағыз азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүр.
7–10 шілде аралығында өтетін лагерь аясында жастар делегаттарын бірқатар семинарлар мен тренингтер, қызу пікірталастар, тәжірибе алмасу және "Алтай–2025" этнофестивалі күтеді. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар көшбасшылары, мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ "Amanat" партиясынан Мәжіліс депутаттары қатысуда.