Қазақстанда орташа жылдамдықты асырғандарға жаңа айыппұл енгізіледі
Елімізде орташа жылдамдықты асырып жүргізу үшін жаңа әкімшілік жауапкершілік қарастырылмақ. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы.
157 мың теңге айыппұл салынады
Егер жүргізуші белгіленген орташа жылдамдықтан 60 км/сағ немесе одан көп асырып жүрсе, оған 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл сома 2025 жылы шамамен 157 мың теңгені құрамақ.
Комитет төрағасының айтуынша, қала маңындағы жолдарда орташа жылдамдықты тіркейтін жүйелер орнатылған жерлерде 15 мыңға жуық заңбұзушылық анықталған.
Қарсы жолаққа шыққандарға – қатаң жаза
Қайсар Сұлтанбаев қарсы бағытқа шығу фактілері бойынша да нақты түсініктеме берді.
Қарсы жолаққа шыққан жүргізуші 6 айға жүргізуші куәлігінен айырылады;
Егер бұл әрекет жол-көлік оқиғасына себеп болса:
– 20 АЕК айыппұл немесе 6 айға куәліктен айырылу қарастырылады;
Егер жол апатының салдары ауыр болса, жүргізуші 9 айға куәліктен айырылуы мүмкін.
«Бұл түзетулер жол қозғалысы ережелерін бұзуға қарсы күресті күшейту мақсатында енгізіліп отыр», – деді комитет төрағасы.