7 жерде қатар жұмыс істеген программист IT әлемін шулатты
24 жастағы үндістандық программист Сохам Парекх үш жыл бойы Кремний алқабындағы жеті жетекші IT және жасанды интеллект стартапында қатар жұмыс істеген. Ол бұл қызметтерді Мумбайдан қашықтан атқарып, барлық компаниялардан жалақы алып отырған, деп хабарлайды Anyqtime.kz порталы Bild басылымына сілтеме жасап.
Алаяқтықтың беті Playground AI компаниясының бас директоры Сухайл Дошидің X әлеуметтік желісіндегі жазбасынан кейін ашылған. Ол бірден үш-төрт стартапта қатар жұмыс істеген қызметкерді жұмыстан босатқанын жазған еді. Көп ұзамай сол қызметкердің Сохам Парекх екені анықталды.
Парекх өзінің көпжұмыстылығын жасыру үшін түрлі амал қолданған: әр жұмысқа бөлек компьютер мен VPN пайдаланған, кестелерді жеке-жеке жоспарлап, белсенділікті көрсететін арнайы бағдарламалар орнатқан. Сондай-ақ, жұмыс техникасын АҚШ мекенжайына емес, тікелей Үндістанға жөнелтіп отырған.
Айыпты екенін мойындаған Парекх: «Мен жасағаныммен мақтанбаймын, бірақ жалқау болған жоқпын – аптасына 140 сағат, 7 күн жұмыс істедім, ұйқыға да дұрыс уақыт болған жоқ», – дейді.
Қазіргі уақытта бұл әрекеттің заңдық салдары нақты емес. Калифорнияда бірнеше жұмыс орнын иеленуге болады, бірақ көптеген компания келісімшарттарында мұндай әрекетке тыйым салынған.
Соған қарамастан, Darwin атты жасанды интеллект стартапы оны жұмыстан шығармаған. Компания басшысы Санджит Джунея: «Ол өте талантты инженер, және біз оның өнімді нарыққа шығаруға көмектесетініне сенеміз», – деді.