Түркістан облысында ірі қараны бордақылау бойынша жаңа жүйе қалыптасып келеді. Сауран ауданында жүздеген шаруашылық бірігіп, агроиндустриялық кластер құруға кірісті. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бір жерде – 292 алаң
Жобаның басты жаңалығы – 185 гектар жерге 292 бордақылау алаңын топтастыру. Мұндай шоғырлану инфрақұрылымды үнемді пайдалануға, шығынды азайтуға, бақылауды күшейтуге жол ашады. Қазірдің өзінде Саурандағы Ескі Иқан ауылында 20 гектар аумақта 30 алаң салынып жатыр. Оның 25-інде құрылыс қызу жүріп жатыр. Бұл кешендер 15 мың бас ірі қараға арналған.
Сою пункті де болады
Бір ғана бордақылаумен шектелмей, толық өндірістік цикл қарастырылған. Яғни, 1,5 гектар жерге заманауи сою пункті салынып, етті өңдеу, сақтау және тасымалдау инфрақұрылымы қамтамасыз етіледі.
5 миллиард теңгелік инвестиция
Жалпы жобаға 5 млрд теңге құйылады. Қаражат құрылыс пен инженерлік инфрақұрылымға, сондай-ақ жем-шөп базасын жасауға бағытталады.
Не өзгереді?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, кластер логистика мен басқаруды жеңілдетеді. Ең бастысы – ветеринарлық және санитарлық бақылау орталықтандырылады. Бұл ішкі нарықты сапалы отандық етпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруы тиіс.