Пермьде 18 жастағы бойжеткен темір істікке жаншылған күйі табылды

13 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Telegram/Baza

Ресейдің Пермь қаласында сұмдық оқиға тіркелді. Таңғы уақытта қала тұрғыны темір қоршауға жаншылған күйінде көз жұмған жас қыздың денесін тауып алған. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі Azattyq Rýhy сайтына сілтеме беріп хабарлайды.

Қайғылы жағдай 11 мамыр күні таңғы сағат 4 шамасында, Закамск шағын ауданында орын алған. Жергілікті сыра барының маңынан өтіп бара жатқан адамдар қоршауға ілініп қалған қыздың денесін байқап, дереу полицияға хабар берген.

Алдын ала ақпарат бойынша, бойжеткен сол түні құрбысымен бірге көңіл көтеруге барға барған. Кейіннен оның аяқасты жоғалып кеткені анықталды. Құрбысының сөзінше, қыз бір сәтте көзден таса болған. Бірнеше сағаттан кейін оның жансыз денесі темір қоршауға шаншылған күйде табылған.

Қаза тапқан қыздың жеке басы анықталды. Ол – 18 жастағы Надежда Вожакова, Пермь облысындағы Нытвинский округының Мокино ауылынан шыққан. Жақында ғана қалаға қоныс аударып, ағасымен бірге тұра бастаған екен.

Ресейлік кейбір ақпарат көздерінде бұл оқиғаның артында қылмыс жатуы мүмкін деген болжам айтылуда. БАҚ мәліметінше, белгісіз біреулер қызды зорлап, кейін темір істікке қасақана тастауы ықтимал.

Қазіргі таңда тергеу амалдары басталып, оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.

Тэгтер:

Қылмыс Ресей Зорлық Пермь 18 жас