Су тапшылығына қарсы қадам: Қазақстанда жаңа қоймалар мен автоматтандырылған арналар салынады

9 шілде, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: Primeminister.kz

Қазақстан алдағы бес жылда 40-тан астам жаңа су қоймасын салып, 37 су қоймасын жаңартуды көздеп отыр. Бұл қадам су қауіпсіздігін күшейтіп, егін шаруашылығындағы тәуелділікті азайтпақ. Солтүстік өңірлерде қарғын суды жинау арқылы су тасқынының алдын алынса, оңтүстікте 295 мың гектар жерге су жеткізу мүмкіндігі артады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Судың ысырап болуына тосқауыл

Биылғы тексеріс нәтижесінде еліміздегі 1395 гидротехникалық нысанның 560-ы жөндеуді қажет ететіні белгілі болды. Олардың 540-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда, ал 20-сы апатты деп танылған. Осыған байланысты 2025 жылы республикалық және халықаралық қаржыландыру есебінен 98 ірі жоба жүзеге асады.

Су арналарын басқару — енді бір батырмамен

Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында жалпы ұзындығы мыңдаған шақырымға жететін суару арналарын автоматтандыру көзделуде. Жобаларда су көлемін дәл есептеп, арналарды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін жүйелер орнатылады. Бұл шаралар судың ысырабын 20-30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Ауылды ауызсумен қамту кеңейеді

Жыл соңына дейін 153 ауылға сапалы ауыз су жеткізетін 12 топтық су құбыры пайдалануға беріледі. Тағы 52 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылады.

Үлкен жобалар — үлкен үміт

Батыс Қазақстан облысында 28 млн м³ су жинайтын «Үлкен Өзен» су қоймасының құрылысы дайындық сатысында. Ал Астанадағы су қойманың қуатын арттыру үшін каналдарды кеңейту және тазарту жоспарланған. Сонымен бірге 2025 жылы ұзындығы 1,9 мың км-ден асатын суару жүйелері пайдалануға берілмек.

Тиімділікке ынталандыру бар

Мемлекет су үнемдейтін технологияларға көшкен фермерлерге көбірек субсидия бөледі. Осылайша, жаңбырлатып немесе тамшылатып суару тәсілдері, сондай-ақ лазерлік тегістеу әдістері кеңінен қолданылмақ.

Техника мен кадр — басты тірек

«Қазсушар» мекемесінің техникалық әлеуетін күшейту үшін Үкімет 757 арнайы техниканы сатып алуды қолдады. Қазірдің өзінде 273 техника өңірлік филиалдарға жеткізілген. Бұл — алдағы жұмыстардың қарқынды жүруіне негіз болады.

Тэгтер:

Су тапшылығы жаңа су қоймалары автоматтандырылған арналар су қоймасы