«Досымен жүріп кеткен»: 25 жастағы келіншекті күйеуі аяусыз өлтірді
Ресейдің Великий Новгород қаласында 25 жастағы келіншек күйеуінің қолынан қаза тапты, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы Super.kg сайтына сілтеме жасап.
Қанды оқиға 6 шілде күні күндіз дүкен ішінде болған. 29 жастағы ер адам әйелі жұмыс істейтін жерге келіп, оған бірнеше рет пышақ сұққан. Жәбірленуші сол жерде көз жұмды. Ал күдікті оқиға орнынан із суытқанымен, көп ұзамай полицияның қолына түсті. Қазір тергеу жүргізіліп, оны қамауға алу мәселесі қаралып жатыр.
Қорған болар адамнан келген қауіп
Желіде тараған деректерге қарағанда, ерлі-зайыптылар 9 жыл бірге тұрған. Жақындарының айтуынша, әйел біраз уақыттан бері ажырасқысы келіп жүрген. Ал күйеуі соңғы күндері қатты өзгеріп, қызғанышқа бой алдырған. Күдіктінің парақшасынан табылған жазбаларда ауыр сөздер мен кекке толы ойлар кездескен.
Қызғанғанның көзі соқыр...
Оқиға қарсаңында ер адам әлеуметтік желіге мынадай жазба қалдырған:
«Достардың арасында – жаман адамдар, сүйгендердің арасында – тұрақсыздар бар. Мен оларға өмір сүргізбеймін».
Бұл сөздер көп нәрсені аңғартатындай. Күдікті әйелі басқа ер адаммен кездесіп жүргенін біліп қойған деген болжам бар. Алайда бұл – тергеу қорытындысынан кейін нақтыланатын жайт.
Қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Пікір қалдырушылар әйелдің ажырасуға әрекеттеніп үлгермегенін, ал ер адамның қызғаныш пен ашуға ерік бергенін айтып жатыр.