Шерзаттың ағасы Нұрғанаттың өліміне қатысты жаңа күдік айтылды
Марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың әпкесі Перизат Нұрымова оның өліміне қатысты тың мәліметпен бөлісті. Ол бауыры қалдырды делінген қоштасу хатына күмән келтіріп отыр, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы Qazaq Airan арнасына сілтеме беріп.
Күмәнді қоштасу хат
Перизаттың айтуынша, Нұрғанат онымен әрдайым дос ретінде сөйлескен. «Маған бір де бір рет "әпке" деп айтпаған. Бірақ хатта "әпке, сен аман бол, өмір сүр" деп жазылыпты. Бұл — маған емес, бөтен адамға арналғандай әсер қалдырды», — дейді ол.
Хаттың мазмұны мен стилі де күмән туғызған. «Ол ешқашан ұзақ жазба жазбайтын. Әдетте аудиохабарлама немесе бейнеқоңырау арқылы сөйлесетін. Сондықтан ондай ұзақ жазба қалдыруы — күмәнді», — дейді марқұмның әпкесі.
«Отбасымызды толық білмейді»
Перизат Нұрымова тағы бір маңызды детальге назар аударады. Нұрғанат өлер алдында бауырларының төртеуіне — әпкесіне, ағаларына және жарына хат жазған, бірақ кенже қарындасына хат қалдырмаған. «Біз үйде бесеуміз. Хат тек төртеуімізге ғана келді. Ал сіңілімізге жазылмаған. Бұл хатты жазған адам біздің отбасымызды толық білмейді деген ойға келемін. Себебі Нұрғанат сіңілімді қатты жақсы көретін», — дейді ол.
Күмән күшейіп барады
Нұрымованың айтуынша, марқұм сіңілісін ерекше еркелетіп, сабақтан өзі алып кететін болған. «Сондай жақын болған адамның сіңілісін ұмытып кетуі — мүмкін емес. Сондықтан қоштасу хатын өзі жазды дегенге сенбеймін», — дейді Перизат.
Ол бұл күдігін тергеу органдарына және қоғам назарына ұсынуды жөн көрген. Әзірге бұл мәліметтер тек отбасының болжамы болса да, марқұмның жұмбақ өліміне қатысты сұрақтар көбейіп барады.