Бағым Мұхитденова Димашқа айтқан сынын дұрыс деп есептейді
Бағым Мұхитденова бір кездері Димаш Құдайбергенге қатысты айтқан сынына қатысты пікір білдіріп, айтқанын өзгерту ойында жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Сол әнде шыңғырудың қажеті жоқ еді»
Продюсердің айтуынша, жұрт арасында тараған пікір – оның толық ойын бұрмалап көрсеткен бір ғана сөйлем. Ол Димаштың кәсібилігіне күмән келтірмегенін, тек белгілі бір әнге қатысты ойын білдіргенін жеткізді.
«12 жыл өтсе де, бұл тақырып қайта-қайта қозғала береді. Мен Димашқа мүлде жоғары нотада айтпа деді деп түсінгендер көп. Бірақ нақты айтқанда, сол әнде шыңғырудың қажеті жоқ еді. Ол – орта деңгейдегі ән. Маған ол ешқашан хит болып көрінген жоқ. Сондықтан менің пікірім орынды деп ойлаймын», – деді Мұхитденова.
«Димаш – әлемдік жұлдыз, бірақ ән сәтсіз таңдалды»
Бағым Мұхитденова сөз болған бағдарламада орындаушы емес, әннің өзі сыналатынын алға тартты. Оның пікірінше, сол байқауда Димаш таңдаған туынды – тыңдарман талғамына сай келмеген.
«Егер ол ән керемет болса, қазір хит болар еді. Бірақ олай болмады. Демек, менікі дұрыс. Кешірім сұра дегендерге түсінбеймін – мен ешкімді қорлаған жоқпын, тек пікір білдірдім. Сондықтан айтқанымнан бас тартпаймын», – деп түйіндеді продюсер.