Қазақстанда қоқыстан жол салынады: Көлік министрлігі тың жоспар ұсынды
Қазақстанның Көлік министрлігі тың ақпаратпен бөлісті. Елде жол құрылысына техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) пайдалану жоспары бекітілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Министрліктің ресми сайтында 2025 жылғы 10 шілдеде жарияланғандай, бұл жоспар техногендік минералдық түзілімдерді – күл, шлак, бос жыныстар және басқа да өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, жол құрылысына қолдануға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.
Сарапшылардың айтуынша, қайта өңделген техногендік шикізатты қолдану инфрақұрылымдық жобалардың шығындарын азайтып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін экологиялық салмақты едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
«Қайта өңделген қалдықтарды жол салу мен жөндеу жұмыстарына тиімді пайдалануға болады. Мұндай материалдардың сапасы дәстүрлі құрылыс материалдарынан кем емес. Бұл – бәріне тиімді шешім: мемлекет шығынды азайтады, кәсіпорындар қалдық мәселесін шешеді, ал экология тазара түседі»,
– дейді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жоспарды сәтті жүзеге асыру үшін қайта өңделген материалдарды қолдануға қатысты талаптарды заңнамаға енгізу қажет.
Сондай-ақ, қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар үшін салықтық жеңілдіктер мен ынталандыру шараларын қарастыру ұсынылып отыр. Өндірістік шикізатты зерттеу жұмыстары өңірлерде басталып кеткен.
Мысалы, Павлодар және Қарағанды облыстарында өндірістік қалдықтарға кешенді бағалау жүргізілуде. Оның нәтижесінде жол құрылысына ұсынылатын материалдардың тізімі жасалып, олар Бірыңғай жол-құрылыс материалдары базасына енгізіледі.
Министрлік өкілдері атап өткендей, өндірістік қалдықтарды құрылыс саласында пайдалану – әлемде кең таралған тәжірибе.
Айта кетейік, Алматы қаласында жол жөндеу жұмыстарына байланысты 11 шілде күні сағат 23:00-ден бастап 12 шілде сағат 08:00-ге дейін Абая даңғылы бойымен Назарбаев даңғылынан Абылай хан даңғылына дейінгі аралықта батыс бағыттағы көлік қозғалысы ішінара шектеледі.