Жатырынан тырнақ пен темір шыққан: Әйел денесіне жасалған жаппай қылмыс
Тиграй астанасындағы клиникада медбике Мулу жатыр ішіне бөгде заттар салынған тиграйлық әйелдердің рентген суреттерінің көшірмелерін көрсетіп тұр. Фото: Химена Борразас

Жатырынан тырнақ пен темір шыққан: Әйел денесіне жасалған жаппай қылмыс

Эфиопияның Тиграй өңірінде ресми бітім орнаса да, соғыс кезінде болған жаға ұстатарлық зорлық-зомбылық фактілері әлі де жария болып жатыр. Мыңдаған әйелдің жатырынан металл, тырнақ, пластик, тіпті жеккөрушілікке толы хаттар алынған. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі The Guardian басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Адам шошырлық әдіс – бедеулікке ұшырату қаруы

Мекелле қаласының дәрігерлері жүздеген әйелдің ішкі ағзасынан бөтен заттар – шеге, бұранда, темір тырнақ кескіш, құм, полиэтилен және «ұрықсыз етеміз» деген мазмұндағы жазбалар алынғанын мәлімдеді. Олардың көпшілігі зорлыққа ұшырағанын тек ауыр жарақат алған соң ғана айтуға мәжбүр болған. Бір ғана шағын емханада 8 мыңға жуық зорлық құрбаны тіркелген.

Әділетсіздікпен жалғасқан тыныштық

Бітім келісімі Эритреяны қамтымағандықтан, бұл елдің сарбаздарына қатысты әскери қылмыстар жазасыз қалып отыр. Эритрея басшылығы барлығын «қиял» деп атаған. БҰҰ тергеу комиссиясы 2023 жылы жабылып, ал ішкі сот жүйесі толықтай жұмыс істемейді. Осыған байланысты қылмыскерлердің көбі еркін жүр.

Тиграйда жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің жатырынан алынған тырнақ кескіш пен бұрандалар. Фото: Химена Борразас

Көмексіз қалған мыңдаған әйел

Зорлық көрген әйелдердің 90 пайызы ешқандай медициналық немесе психологиялық көмек алмаған. Қазір Тиграй өңірінде USAID пен Британ үкіметі қолдаған емдеу бағдарламалары жабылып жатыр. Ауыр жарақат алған, психикалық дағдарыста жүрген әйелдердің тағдырына ешкім алаңдамайтын күйге жеткен.

Балалардың жарасы – қоғамның жарасы

Зорлық құрбандарының арасында балалар да бар. Мәселен, 10 жасар Эстер мен анасы төрт сарбаздың шабуылына ұшыраған. Анасы зорланып, Эстер пышақталып, үстіне қайнаған су құйылған. Денесі күйіп қалған бүлдіршіннің арманы – дәрігер болып, өзіне ұқсас жандарға көмектесу.

Эритреялық сарбаздар жазған қолжазба жазба зорлық-зомбылық көрген әйелдің жатырынан табылған. Аудармасы: «Эритреяның ұлдары, біз батырмыз. Біз осыған бел будық және мұны жалғастыра береміз. Біз тиграйлық әйелдерді бедеу етеміз. 1998 жыл үшін кек алуымызға әлі де беліміз бекем». Фотосурет: Химена Борразас

Азера* — жарақаттарынан шұғыл әрі үздіксіз медициналық көмек қажет көптеген тірі қалған әйелдердің бірі. Оны үш эритреялық сарбаз зорлап, ұрып-соғып, полиэтиленге орап, өртеп жіберген. «Олар мені өліге тастап кетті», — дейді ол. Суретте оны Мекелледегі клиниканың медбикесі Мулу қарап жатыр. Фотосурет: Химена Борразас