Министрлік ғимаратында от шықты: 24 жастағы жігіт ұсталды
Министірлік үйі

Министрлік ғимаратында от шықты: 24 жастағы жігіт ұсталды

Астанадағы министрліктер үйінде орналасқан Оқу-ағарту министрлігінің кіреберісінде өрт шығып, оқиға орнына жедел қызметтер жұмылдырылды. Бұл туралы Anyqtime.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Турникетке жанғыш зат лақтырған

Бүгін таңғы сағат 8-дер шамасында белгісіз ер адам министрліктер үйінің 11-кіреберісіне кіріп, турникетке жанғыш сұйықтық шашып, от қойған. Көп ұзамай, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өртті сөндіріп үлгерген. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Күдікті ұсталды

Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл әрекетке барған адам — 24 жастағы азамат. Ол оқиға орнында ұсталып, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.

Тексеру жалғасуда

Қазіргі таңда бұл оқиғаға байланысты барлық бейнебақылау жазбалары зерделеніп, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беру үшін тиісті сараптамалар тағайындалған. Қоғамдық орынға қауіп төндірген бұл оқиға қоғам назарын аударып отыр.