12 қалада 2300 адам қайтыс болды: Көшеге шыққандар талып құлап жатыр
Ыстық ауа райында көлеңке іздеген Еуропалықтар. Фото: Publika.az

12 қалада 2300 адам қайтыс болды: Көшеге шыққандар талып құлап жатыр

Солтүстік Африкадан келген ыстық ауа ағыны Еуропаға аптап ыстық алып келіп, температура бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Еуропаның 12 ірі қаласында ауа райының аномалды ыстық болуы көптеген адамның өліміне себеп болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.

Publika.az хабарлауынша, “World Weather Attribution” тобы жариялаған зерттеуде климат дағдарысы Еуропадағы аптап ыстықтан болатын өлім-жітім санын үш есеге арттырғаны айтылған.

Ғалымдардың айтуынша, егер климаттың өзгеруі болмағанда, маусым айының соңы мен шілде айының басында Еуропада температура 1-4 градусқа салқынырақ болар еді.

Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, Лондон, Париж, Мадрид, Барселона және Римді қоса алғанда, Еуропаның 12 ірі қаласында жалпы 2300 адам ыстықтан көз жұмған. Оның ішінде шамамен 1500-і немесе 65 пайызы адам әрекетінің салдарынан пайда болған жаһандық жылынумен байланысты.

Өткен аптада Лондонда ауа температурасы 34°C-қа дейін жетіп, бұл Ұлыбританияның Денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігі тарапынан "янтарь түсті температура" ескертуінің жариялануына себеп болды.

Зерттеуге қатысқан ғалымдар аптап ыстық толқындарын "үнсіз, бірақ жойқын" деп сипаттап, қазіргі жаһандық жылынудың 1,3°C деңгейінің өзі қарттар мен әлсіз топтар үшін өлімге әкелетінін атап өтті.

Лондонда 263, Мадридте 317, ал Парижде 235 адам ыстықтан көз жұмған. Қайтыс болғандардың басым бөлігі – егде жастағы адамдар.

Мамандар Еуропада қартайып келе жатқан халықтың жиілеп бара жатқан аптап ыстық толқындарының әсерінен үлкен қауіпке тап болатынын ескертті.

Айта кетейік, маусымның 23-і мен шілденің 2-сі аралығында Еуропа аумағында қалыптасқан жоғары қысымды ауа мен Солтүстік Африкадан келген ыстық ауа ағыны температураның аномалды жоғарылауына себеп болған.

Зерттеушілер мұндай талдаулар тек 12 қалада жүргізілгенін, сондықтан бұл мәліметтер Еуропада аптап ыстықтан қайтыс болғандардың нақты санын толық көрсете алмайтынын айтты. Шын мәнінде, бұл көрсеткіш ондаған мың адам болуы мүмкін.