Мексикада сайлау науқаны қанды оқиғамен аяқталды. Қала мэрі болуға үміткер әйел Есения Лара Гутьеррес сайлауалды митинг кезінде көпшіліктің көз алдында атып өлтірілді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Kursiv.media-ғе сілтеме жасап.
Қанды қаскөйлік Тексистепека қаласында өткен митинг барысында орын алған. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде көрсетілген бейнежазбада үміткер тұрғындармен амандасып, жақтастарының ортасында жүріп келе жатқан сәтте, кенет оқ атылып, жұртшылық дүрлігіп кеткені көрінеді.
Кадр сыртынан бірінен соң бірі атылған 20-ға жуық оқ даусы естіледі. Шабуыл салдарынан үміткер мен оның жанындағы үш адам оққа ұшқан. Атыс басталған сәтте мінбер мен маңайдағы аумақ әп-сәтте қанға боялған.
Мексиканың жаңадан сайланған президенті Клаудия Шейнбаум бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, шабуылдың себептері әзірге анықталмағанын айтты. Құқық қорғау органдары қылмыскерлерді іздестіріп жатыр.
Айта кетейік, соңғы жылдары Мексикада сайлауалды процестер кезінде үміткерлерге шабуыл жасау деректері жиілеген. Бұл – елдегі ұйымдасқан қылмыс пен саяси күрестің қаншалықты күрделі әрі қауіпті деңгейге жеткенін аңғартады.