Backstreet Boys алғашқы рет Қазақстанда өнер көрсетеді: Астанадағы кешке толық құрам келеді
Backstreet Boys. Фото: report.kg

Backstreet Boys алғашқы рет Қазақстанда өнер көрсетеді: Астанадағы кешке толық құрам келеді

Аты аңызға айналған Backstreet Boys тобы алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетпек. Концерт 21 қыркүйек күні «Астана Аренада» өтеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясына сілтеме жасап.

Әлемдік тур аясында Астанаға ат басын бұрмақ

Топтың бастапқы құрамындағы бес әртіс – Ник Картер, Брайан Литтрелл, Эй Джей Маклин, Хауи Дороу мен Кевин Ричардсон сахнаға бірге шығады. Әлемдік хиттерден құралған ерекше шоу ұйымдастырылады. Концерттің отандық ұйымдастырушысы – «Астана Концерт» компаниясы.

Ақ түсті дресс-код: көрермендерге ұсыныс

Компания продюсері Мәлік Хасенов Backstreet Boys тобының Лас-Вегастағы әйгілі Sphere сахнасында 21 концерт бергенін, билеттердің бір күнде сатылып кеткенін айтты. Сол турда көрермендерге арналған дресс-код – ақ түс болған. Қазақстандағы концертте де осы стильді ұстану ұсынылып отыр.

Шетелдік туристер көптеп келеді деп күтілуде

Хасеновтың айтуынша, Дженнифер Лопестің концертіне Астана мен Алматыға 18 мыңнан астам турист келген. Сол сияқты Backstreet Boys кешінен де осындай нәтижелер күтіледі. Концертті ұйымдастыратын компаниялар жыл соңына дейін 1 миллиард теңгеден астам салық төлейді деп болжануда. Бұл жоба еліміздегі креативті экономиканың нақты серпін алғанын көрсетеді.