Алматыда пойыз екі адамды қағып кетті: полиция қазақстандықтарға үндеу жасады
Бұл туралы 2025 жылғы 11 шілдеде Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Оңдасын Аштаев мәлім етті, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
– Жуырда Алматыда пойыз екі адамды қағып кетті. Қайғылы оқиға адамдардың белгіленбеген жерде теміржолдан өтуге әрекеттенуі салдарынан орын алды. Аталған деректер бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл оқиғалар теміржол маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді, – деді ол.
Оның айтуынша, биылғы жылдың басынан бері Көліктегі полиция департаментінде теміржол көлігінің қатысуымен адамдардың жарақаттануына байланысты 39 оқиға тіркелген. Оның жартысынан астамы өліммен аяқталған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмағандар мен жас балалар да бар.
Полковник Аштаевтың мәлімдеуінше, мұндай қайғылы оқиғаларға басты себеп – қауіпті аймақта қауіпсіздік ережелерін елемеу:
- белгіленбеген жерлерден өту,
- орынсыз асығыстық,
- немқұрайлылық,
- жаяу жүргіншілерге арналған көпірлерді, өткелдерді және тоннельдерді пайдаланбау.
– Есте сақтаған жөн: теміржол нысандарында бөгде адамдардың болуы олардың өз өмірі мен денсаулығына ғана емес, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өміріне де қауіп төндіреді, сондай-ақ қозғалыс қауіпсіздігіне және тасымалданатын жүктердің бүтіндігіне әсер етеді, – деп түйіндеді полиция полковнигі.
Ол қырағылық танытып, теміржолдағы тәртіп ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
- Полиция ата-аналарға арнайы үндеу жасады – балаларыңызға теміржол ойын ойнайтын орын емес екенін түсіндіріңіз. Өмір мен денсаулықты сақтау үшін келесі ережелерді ұстану қажет:
- Теміржолды тек арнайы жабдықталған және белгіленген жерлерден, жақындап келе жатқан пойыз, локомотив немесе вагон жоқ екеніне көз жеткізген соң ғана кесіп өтіңіз;
- Стансалар мен жол бөліктерінде вагондардың астынан өтпеңіз, автотіркемелердің үстінен өрмелемеңіз;
- Теміржолдан өтерде құлаққап пен ұялы телефон қолдануға қатаң тыйым салынады.
2025 жылдың көктемінде Ақмола облысында пойыз теміржол өткелінде қалдырылған көлікті соғуға шақ қалған болатын.