«Айзат өте алтын келін еді»: Жетісудағы ауыр қылмысқа қатысты туыстары не дейді?
Коллажда марқұм Айзат пен қайын ағасы. Коллаж: Anyqtime.kz

«Айзат өте алтын келін еді»: Жетісудағы ауыр қылмысқа қатысты туыстары не дейді?

Жетісуда әйелін атпен сүйреп өлтірген оқиғадан кейін марқұм Айзаттың жақындары алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Ozgeris.info порталының дерегіге сүйене отырып.

TikTok желісінде жарияланған бейнежазбада сөз сөйлеген қария — күдіктінің нағашы ағасы. Ол болған жағдайдан кейін келінінің адамгершілігі, мінезі жайлы айтып, туыстары үшін бұл үлкен қайғы болғанын жеткізді.

«Айзат – өте алтын келін болатын. Қашан келсек те, "аға" деп күліп қарсы алатын. Тамағымыз дайын, қонақ келсе де, еш қабақ шытпайтын. Айбар екеуінің арасында еш ұрыс-керіс байқамадық. Екеуі жарасқан жұп еді», – дейді қария көзіне жас алып.

Ол сондай-ақ күдіктімен тергеуші көзінше сөйлескенін айтып, әрекетінің себебін сұрағанда «қалай болғанын өзім де білмей қалдым» дегенін жеткізді.

«Жынды адам да бұлай істемес еді», – деп ашуын жасыра алмады туысы.


Оқи отырыңыз: «Жаныңыз жәннатта болсын»: Тамара Асар отбасындағы қайғылы жағдайды айтты


Бұл жантүршігерлік оқиға Жетісу облысындағы Баласаз ауылында тіркелген. Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адам әйелі Айзатты қыздарының көзінше атқа байлап, сүйреп өлтірген. Марқұмның туыстары оның күйеуі Айбар Жанболат тарапынан қатыгездікпен өлтірілгенін айтып, істің қайта қаралуын талап етіп отырғанын жазған едік. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр, күдікті қамауға алынған.


Бұған дейін де 2023 жылдың қараша айында Кеген ауданында осыған ұқсас оқиға болған. Онда да күйеуімен жанжалдасып қалған әйелі қасақана көлік астына түскен. Ашулы әйел сол сәтте жолға жүгіріп шығып, балаларының көзінше зымыраған көліктің астына түскен еді.

Сарапшылар отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін нақты заңдық тетік керек екенін алға тартады. «Қоғамның үндемей қалуы — қылмыстың жалғасуына жол ашады», – дейді әлеуметтанушылар.