«Нан жұмсақ емес...» — Бүгінгі бала неге нанның қадірін білмейді?
Бұл шығарма – жоқшылықты көрген буын мен тоқшылықта өскен ұрпақтың арасындағы көзқарас айырмашылығы туралы әсерлі естелік. Автор балалық шақтағы қиындықтарды, қара нанның қадірін, анасының еңбегі мен көз жасын, ауыл өмірінің шынайы көрінісін баяндау арқылы қазіргі заманғы ата-аналар мен балалар арасындағы тәрбиелік мәселелерді қозғайды. Әңгіме шынайылығымен, жан тебірентер тұстарымен оқырманды терең ойға жетелейді. Жазбаның соңында автор өткенге шүкір айтып, ұрпаққа "тоқ болсаң тасыма, жоқ болсаң жасыма" деген өмірлік қағиданы ұсынады.
Жанры: Проза, эссе (автобиографиялық, публицистикалық элементтері бар)
Автор: Ләззат Шағатай
Қара нанның қадірі
Таңертең дүкенге нан алуға барғанмын. Сөреде жаңа піскен нан болмаған соң, кешегіден қалғанын ала салдым. Түскі асты ішіп отырғанда қызым Аяжан:
– Ту-у, мына нан неге жұмсақ емес, дәмсіз! – деп, нанды ыдысқа лақтырып жіберді.
Тамақ ішіп отырғанына қарамай, "Нанды лақтыруға болмайды!" – деп, қолын қаттырақ қағып жібердім. Қарсы алдымда атам отырған. Ол:
– Қызға не дейсің, оған өзіміз кінәлі, – деді.
(«Сен кінәлісің» деген жоқ, айналайын ақ папа!)
Расымен де, жоқшылықты көріп қалған соң ба, өзіміз жемесек те, баланың алдына бар тәттіні үйеміз. Қолындағысы сәл жерге түсіп кетсе, "мусорға лақтыр", "жердегіні жеме" дейміз. Тамақтың тек жаңа піскенін береміз. "Жылытпа" дегенді қазіргі балалар менсінбейді. Таңертең жылы сүтпен қосып, нанның орнына тәтті батон ұсынамыз. Бір күн кеспе, бір күн картоп жесе, "ойбай, манты жасап берейік", "кеше пісіргенді бүгін жемейді ғой" деп жанұшырамыз. Одан қалса бауырсақ, оны жемесе — бәліш, болмаса құймақ ұсынып, бар тәттіні алдарына үйіп-төгіп, ауыздарына тығамыз.
Расымен де, кім кінәлі? Бала ма? Жоқ, әрине — өзіміз!
Қолда бардың, тоқтықтың қадірін үйретпеген, айтпаған — өзіміз кінәліміз.
Жоқшылықты көрмеген, оны сезбеген, естіп-білмеген бала кінәлі ме? Жоқ!
Бастауышта оқып жүрген кезім. Тоқсаныншы жылдардың ортасы ғой. Үйде нан болмай қалатын кездер көп болатын. Нан тұрмақ, ұн тапшы заман еді. Ауыл боп қолдиірменге бидай тартып жейтінбіз. Мінезі қисық, шатақ болса да, әкем шебер кісі болатын. Шешеме қолдан электрлі диірмен жасап берді. Анам түнімен ұйықтамай, таңға дейін ауыл адамдарының бидайын тартатын. Есімде, қап-қап бидай тартып, еңбегіне бір шелек бидай алатын.
Күз демейді, қыс демейді — шешемнің күні суық шоланда өтетін.
Сонда деймін-ау, анау бидайың бірінші сортты болса ғой, шіркін!
Қазір соны малға да бермейміз ғой.
Одан қалса, қара бидайдан тартылған ұнмен нан ашытады. Ол мүлде көтерілмейді, форманың түбінде былжырап жабысып тұрады. Соны ошаққа салып пісіреді. Ехх, шіркін-ай, қап-қара болса да, ошаққа піскен қатқан нан алдымызға келсе — ыстық бәліш келгендей, майға қосып соғып алатын едік.
Бауырсақ дегенің де сол — тоң майға пісіріледі. Оны ыдысқа аударғанша қатып кетеді. Пештің түбінде пісіріп жатып, мені шақырып алып: "Суымай тұрғанда жеп алшы", – дейтін.
Әйтеуір, столдың үстінде тоңмайға пісіп, қатып қалған бауырсақ тұрса да — біз үшін ол күн мейрам, той еді ғой...
Ал қазір, қазіргі ұрпақ оған кім сенеді?..
Баламыз ғой, арасында еркелегіміз ұстап, қиғылық саламыз. Сабақтан қатты қарным ашып келген болуым керек, бір күні мамама:
— Нан жегім кеп тұр! — деп байбалам салдым.
Үйде тілім нан жоқ екенін біліп тұрсам да, әлек салып жыладым.
Шешем үнсіз үйден шығып кетті. Артынан сыртқа шықсам, ескі сарайда тығылып жылап отыр екен.
Білмеймін, шешемнің сол көз жасын көрді ме, ауылда ауқаттылау тұратын, араласатын құрбысы — Гүлжан апа (Гүлжан Қалақова) аяқ астынан үйге келе қалды. Мамам барымен шай әзірлеп жатыр. Үстелде нан жоқ екенін сезіп қойса керек, шайдан кейін сол бойда үйіндегі артық бір қап астықты өзі шанамен сүйреп әкеп тастады.
Шешем байғұс бір жылап, бір күліп қуанып жүр...
Сол күнгі қуаныш, сол күнгі нанды тойып жегенім — әлі күнге көз алдымда.
Жаным, Гүлжан апа, ұрпағыңызбен мың жасаңыз! Құдай берсе — сізге берсін!
"Жоқтықтың қадірін тоқтықта ұмытпа" деген.
Қызымның кешегі қылығы — бала тәрбиесіндегі бізден кетіп жатқан кемшілікті көрсетті.
Тез жиналып, қолға алу керек! Бұл жалғыз менің емес, көптеген жас ата-ананың басынан өтіп жатқан жағдай.
Тоқ заманда өсіп жатқан ұрпағымызға анда-санда жоқтың да қадірін түсіндіріп жүрсек, артық болмас деген ой түйдім. Өйткені бүгін тоқ болғанымен, ертең жоққа тап келсе, қайтіп күн көрмек?
Алдын ала ескерту бергеніңе шүкір, Алла!
Жоқ болсам — жыламауға, тоқ болсам — тасымауға,
Жастық шағың жоқшылыққа тап болса да,
Сынып кетпей, бір отбасын ұйытып, осы күнге жеткізгенің үшін — рахмет саған, АНА!