Қазақ қыздары неге хиджабтан бас тартып жатыр?
Кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде қазақ қыздарының хиджабты шешкенін мәлімдейтін жазбалар жиілеп кетті, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Caravan.kz порталына сілтеме жасап.
Желіде орамалын шешкен қыздардың саны артып келеді. Олар бұл әрекеттерін — екіжүзділіктен арылып, өз-өзімен шынайы болуға қадам жасау деп түсіндіреді. Дінді тастамағанын, тек ішкі күйзелістен, қорқыныштан туған шешімді артта қалдыруды қалағандарын айтады.
Мысалы, психолог Ақбота Лесбек Instagram парақшасында орамал тағудан бас тартқанын мәлімдеді. Ол бұл шешімге келу оңай болмағанын, ұзақ ойланғанын айта келе:
«Орамалды Аллаға деген махаббатпен емес, қорқынышпен тақтым. Алла мені тек осы киім үлгісімен ғана қабылдайды деп ойлаған екенмін. Қазір өзімді тану, ішкі еркіндігімді табу жолында жаңа кезең басталды», — деп жазды.
Бұл жазба миллионға жуық қаралым жинап, түрлі пікірлерге ұласқан. Бірі қолдап, жүректегі сенімнің маңызды екенін айтса, енді бірі мұндай жеке шешімдерді жария ету артық деп сынаған.
Хиджабпен қош айтысқандардың бірі — Венера есімді хиджама маманы. Ол 12 жыл бойы орамал таққанын, намаз оқып, діни талаптарды ұстанғанын айтады. Алайда қызмет көрсету барысында киімі кедергі келтірген жағдайлар болған.
«Ер адамдардың кейбірі хиджабтағы әйелге келгісі келмейтінін білдірді. Дінге деген сенімім өзгермегенімен, кәсіби жолымды жалғастыру үшін басқа шешім қабылдадым. Намазға әлі де ораламын деп сенемін», — деді ол.
Бұл — соңғы уақытта орамал тағудан бас тартқан әйелдердің шешімі олардың діннен бас тартуымен емес, өмірлік жолдары мен ішкі күйзелістерінен туындағанын білдіреді.
Шариғат бойынша орамал тағу – парыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында орамалдың мұсылман әйел үшін маңыздылығы, Құрандағы аяттарға негізделіп түсіндіріледі. Ахзаб сүресінің 53-аятында:
«Егер пайғамбардың жұбайларынан бір нәрсе сұрасаңдар, онда бір қалқаның артында тұрып сұраңдар! Осылай істеулерің сендердің де, олардың да жүректерің үшін таза болмақ», — деп келтірілген.
Соған қарамастан, қоғамда бұл тақырыпқа қатысты пікір алуандығы тоқтар емес. Мектеп формасына қатысты дау да жыл сайын қайталанып келеді.