БҚО-ның Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында Жайыққа батқан 13 жастағы оқушыны құтқармақ болған екі азамат ажал құшты. Оқиға туралы алғашқы мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдайда көз жұмғандардың бірі – 37 жастағы Абай ауылының тұрғыны, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қанат Шайхиденов Болатұлы. Екіншісі – 25 жастағы Астана қаласындағы Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM мектебінің физика пәні мұғалімі Аминов Бекарыс Қалиоллаұлы.
Оқиға болған күні Қанат Шайхиденов отбасымен өзен жағасына демалуға барған. Жақын маңда жасөспірім қыз бен екі ер адам суға шомылып жүрген. Кенет қыз суға бата бастаған сәтте оның ағасы да, дауысты естіген Қанат та көмекке ұмтылып, суға секірген. Қыз аман алып қалынды, алайда екі жігіт жағаға қайта шыға алмай, суға кетті.
Желі қолданушысы Бекзат Сәбитовтің жазуынша, Қанат Шайхиденов – Абай ауылындағы мектептің жоғары санатты ұстазы болған. Ерлікпен қаза тапқан азаматтың жары мен бес баласы қара жамылып қалды: үлкен ұлы – мүгедек, ал кенжесі небәрі үш ай бұрын ғана дүниеге келген. Ауылына жазғы демалысқа келген Бекарыс Аминов тамыз айында шаңырақ көтеруге дайындалып жүрген.
Ауыл тұрғындары қысылтаяң сәтте өзгенің өмірі үшін бастарын қатерге тіккен екі боздақтың ерлігі ескерусіз қалмауын сұрайды. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан отбасыларға қолдау көрсетілсе деген өтініш те айтылуда. Әсіресе, Қанат Шайхиденовтің перзенттері мен жарына жан-жақты жәрдем қажет екені атап өтілді.