Қазақстанда ChatGPT қолдануға шектеу қойылды

15 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
pro.rbc.ru

Қазақстанда кейбір азаматтар, атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілерге ChatGPT жасанды интеллектін жұмыс мақсатында қолдануға тыйым салынды. Бұл жөнінде Цифрлық даму вице-министрі Қаныш Төлеушин ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық порталы.

Оның айтуынша, цифрлық даму министрі аталған тыйымға қатысты арнайы бұйрыққа қол қойған. Бұл шешім құпия деректердің сыртқа кету қаупін болдырмау үшін қабылданған.

Вице-министрдің айтуынша, шетелдік жүйеге балама ретінде Назарбаев университеті негізінде жасалған отандық үлкен тілдік модель ұсынылып отыр.

"Қызметкерлер егер нейрожеліні жұмыс тиімділігін арттыру үшін қолданғысы келсе, өзіміздің қауіпсіз контурда орналасқан шешімді пайдалана алады. Ол модель отандық серверлерде жұмыс істейді", – деді Төлеушин.

Ол сонымен қатар нақты бір тапсырманың қандай жүйе арқылы орындалғанын дәл анықтау бүгінгі күні мүмкін еместігін де ескертіп өтті.

Алайда вице-министр мемлекеттік органдардан ChatGPT қосымшасы бар құрылғыларды алып қою қарастырылмайтынын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан тұрғындары ChatGPT-дің өздеріне қазақ тілінде жауап беретінін айтып шағымданған еді.

Тэгтер:

ChatGPT жасанды интеллект Қызметкерлер