Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсұлтан рэп жанрына бет бұрып, NRS деген атпен тыңдарманға жаңа бағыт ұсынатынын айтты. Ол ата-анасын қатты сағынғанын жеткізіп, блог жүргізіп, өмір сәттерімен бөлісетінін жазды, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпараттық агенттігі Sportinside.kz сайтына сілтеме жасап.
Айтыс өнерінің дүлдүлі, марқұм Оразалы Досбосыновтың перзенті Нұрсұлтан Instagram-парақшасында жүрекке әсер етер жазба жариялады. Ол өнердегі жаңа жолын таныстырып, тыңдарманнан қолдау күтетінін айтты.
«Мен – Оразалы Досбосынов пен Ажар Түзелекқызының ұлы, Нұрсұлтан Досбосынов. Қазір NRS деген атпен рэп саласында өзімді көрсетіп, тыңдармандарымды қуантуға тырысамын. Сонымен қатар, блог жүргізуді қатар алып жүріп, өз өмірімдегі сәттермен сіздермен бөлісіп отыруға ниеттімін. Қолдау білдіріп, бірге болайық», – деп жазды ол.
Нұрсұлтан ата-анасын жиі еске алатынын жасырмай, «әке-шешемді сағындым» деп ағайын-туыс, ата-анасын таныған аға-әпкелеріне амандық тіледі. Бұл жолы ол ән жазып, бейнежазбалар арқылы тың идеяларын бөлісіп отыратынын, яғни музыка мен блогингті қатар алып жүретінін нақтылады. Желі қолданушылары жас орындаушыға жылы лебіздерін білдіріп, жаңа бағыттағы жұмысына сәттілік тілеуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Нұрсұлтан Досбосынов әке атанғаны хабарланған еді.