«Заң мен тәртіп»: Тоқаев айқындаған қағида қалай жұмыс істеп тұр?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында елдегі қауіпсіздік жүйесін күшейтудің өзегіне «заң мен тәртіп» қағидасын қойды. Үкімет ІІМ мен Әділет министрлігі арқылы алдын алу, цифрландыру және заңнаманы жаңарту шараларын жеделдетіп келеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Құқықтық тәртіпті күшейту күн тәртібінде. Күн сайын 14 мыңнан астам полицей мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қала мен ауылдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. 15 мыңнан аса патрульдік бағыт проблемалы аймақтарды толық қамтуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері қоғамдық орындар мен көшелердегі құқықбұзушылық азайды, 10 мыңнан астам қылмыс ашылды, 10 млн-ға жуық әкімшілік құқықбұзушылыққа тосқауыл қойылды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, алдын алу жұмыстарының әсері айқын. «Біздің жұмысымыздың негізі – «заң мен тәртіп» қағидасы. Алдын алу шараларының арқасында қылмыстар саны 13%-ға төмендеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға аз. Кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық және мал ұрлығы азайды. Қылмыстың ашылу көрсеткіші жақсарды», — деді ол.
Қауіпсіздікті цифрландыру қарқыны күшейді. Ел бойынша 19 мыңнан астам жасанды интеллекті бар камера іске қосылып, бет-әлпетті танудан бастап қараусыз қалған заттар мен көлік ағындарын талдауға дейін көмектеседі. Жедел басқару орталықтарымен ықпалдасу оқиғаға бірден әрекет етуге жол ашты. Полицейлер планшет пен смарт-жетондармен жарақтандырылып жатыр. Азаматтарға «102» мобильді қосымшасы және eGovMobile мен банктер қосымшаларындағы «Заң және тәртіп» қызметі қолжетімді болды — құқықбұзушылық туралы хабарлау «бір батырмамен» жүзеге асады.
Киберқауіпсіздік пен алаяқтықтың алдын алу бойынша нақты нәтиже бар. Министрліктің мәліметінше, алаяқтардың 2,2 млрд теңгені иемденуіне тосқауыл қойылған. Қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары мектеп оқушыларынан зейнеткерлерге дейін әр топты қамтып отыр.
Әйелдер мен балаларды қорғау — басымдық. ІІМ-де тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі арнайы басқарма құрылды. Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыстық сипатқа көшті. Жылдың 7 айында 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, соттар 56 мыңнан аса қорғау нұсқамасын шығарды, 19 мыңнан астам құқықбұзушы әкімшілік қамауға алынды. Мыңдаған әйел мен бала дағдарыс орталықтарынан көмек алды.
Интернет-алаяқтыққа қарсы жүйелі іс-қимыл жалғасуда. Ерте әрекет ету тетіктері енгізіліп, күмәнді қоңыраулар мен транзакциялар бұғатталады. Соңғы айларда ғана 2,6 млрд теңгеден астам қаражаттың ұрлануының алды алынды. Жедел қызметтер 88 мыңнан астам заңсыз пайдаланылған SIM-картаны тәркіледі, 67 млн-нан көп жалған халықаралық қоңыраудың жолы кесілді.
Есірткі қылмысына және экстремизмге қарсы шаралар күшейтілді. 2024 жылдан бастап вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылды. Биылғы 7 айда 4,6 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталып, 13 ұйымдасқан топ жойылды, 11 тоннадан астам есірткі мен 23 тонна прекурсор тәркіленді. 2025 жылы экстремистік сипаттағы 44 қылмыстық құқықбұзушылық анықталып, оның 23-і сотқа жолданды.
Жол қауіпсіздігіне жаңа талаптар енгізілді. Орташа жылдамдықты бақылау үшін жауапкершілік күшейтіліп, мопедтерді тіркеу міндеттелді, ұсақ бұзушылықтар бойынша айыппұлдарды ескертуге алмастыру тәжірибесі кеңейтілді. 7 айда автожолдарға 25 мыңнан астам тексеру жүргізіліп, қауіп төндіретін ақаулар анықталды. Дрондар, автоматты тіркеу камералары, «жасырын» патрульдер және «Қорғау» жүйесі іске қосылды. Нәтижесінде республикалық трассалардағы қаза болу 12%-ға азайды. «Жолдарда 8,5 млн ереже бұзу фактісінің жолы кесілді, оның 14 мыңы — мас күйде көлік жүргізу», — деді Ержан Сәденов.
Заңнаманы жетілдіру мен сот төрелігінің қолжетімділігі Әділет министрлігінің назарында. Ведомство қылмыстық және әкімшілік құқықты жаңартып, қайталама қылмысты азайтуға бағытталған нормаларды күшейтуде. «Біз жүргізіп жатқан реформалар заңнаманың сапасын арттыруға, «заң бәріне бірдей» қағидасын іс жүзінде бекітуге бағытталған», — деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев. Онлайн-қызметтердің кеңеюі сот пен мемлекеттік органдарға жүгінуді жеңілдетіп, бюрократиялық жүктемені қысқартты. Енді азаматтар рәсім бұзылса, жүйенің өзінде-ақ «бір батырмамен» шағымдана алады.
Адам құқықтарын қорғау бағыты да күшейіп келеді: кемсітушілікке қарсы тетіктер жетілдірілуде, осал топтарды қорғау кепілдіктері нығайтылуда. Халықаралық деңгейдегі қолдау Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі беделін арттыруға үлес қосуда.
Қорытындылай айтқанда, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы алдын алу, технология және әділ құқық қолдану арқылы нақты нәтижесін беріп отыр. Мемлекет азаматтардың сенімін бекемдеп, құқықтық тәртіп күнделікті өмір нормасына айналатын орта қалыптастыруға жүйелі түрде қадам жасауда.