«Қазақ боксының королі» тағын тапсырды: Головкин Жәнібекті келесі буынның қаһарманы деп атады
Фото: Ашық дереккөзі

«Қазақ боксының королі» тағын тапсырды: Головкин Жәнібекті келесі буынның қаһарманы деп атады

Желіде Геннадий Головкиннің Жәнібек Әлімханұлын жаңа буынның қаһарманы әрі өзіне лайықты ізбасар деп бағалаған бейнежазбасы тарады. Кадрларда GGG отандасына символикалық «тақ» тапсырып, сенім білдіреді, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Атақты боксшы бейнежазбада: «Біздің елімізге қазір дұрыс қаһармандар өте қажет. Мен — бір буынмын, ал сен — келесі. Сені көріп халық оянады, саған қарап бой түзейді. Сен келесі буынның қаһарманы болуға тиіссің!» — деп тілек айтады. Желіде енді тарағанымен, спорт саңлақтарының жүздесуі сәуір айында өткен.

Видео жария болғалы жанкүйерлер әлеуметтік желіде қолдау пікірлерін қалдырып жатыр. Көпшілік Головкиннің батасын «дәстүрдің жалғасуы» деп бағалап, Жәнібектен қазақстандық бокс мектебінің биік беделін одан әрі асқақтатуды күтетінін жазуда. Кейбір сарапшылар мұндай ашық қолдаудың жас буынға психологиялық серпін беретінін айтады.

Жәнібек Әлімханұлы соңғы жылдары орта салмақта жарқын жеңістерімен танылып, «Kazakh Style» мәнерімен көзге түсті. Ал Геннадий Головкин — орта салмақтағы көп белбеуді бір қолда ұстаған даңқты чемпион, қазақстандық кәсіпқой бокстың жаһандық бренді саналады. Екі спортшының осындай кездесуінен кейін жанкүйерлер «мұрагерлік сабақтастық» тақырыбын қызу талқылауда.