«Жұмбақты таяуда шешеміз» Ақнәрдің қазасы жайлы журналист жаңа деректерді жария етті
Коллаж: Anyqtime.kz

«Жұмбақты таяуда шешеміз» Ақнәрдің қазасы жайлы журналист жаңа деректерді жария етті

Қоғамда қызу талқыланған бойжеткен Ақнәрдің қазасына қатысты бейнежазба мен тың мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналист Руслан Өтепбайдың айтуынша, өткен жылы 2024 жылдың 20 шілдесінде Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің 7-қабатынан 21 жастағы Ақнәр есімді қыз құлап кеткен. Сол түнде сағат 02:54 шамасында орын алған бұл жайт сол маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнематериалда терезе маңында бір қыздың мүсіні анық көрінеді. Өтепбайдың пайымынша, кадрдағы белгісіз қыздың әрекеті оқиғаға қатысы бар-жоғын анықтауға көмектесуі мүмкін.

«Бейнежазбаны барынша үлкейтіп, қарадық. Терезе жанында тұрған бойжеткеннің сұлбасы байқалады. Бұл қыз Ақнәрдің дәл артында не істеп тұрды? Бұл сұраққа жауап ізделіп жатыр», – дейді журналист.

Сондай-ақ ол Ақнәрдің телефонынан жедел жәрдемге үш рет қоңырау шалынғанын, оқиғаның алдында және кейінгі бірнеше минут ішінде болған оқиғалар тізбегін нақтылап жеткізді.

«20:44-те Ақнәр мен Ранна есімді қыз лифтіге мінеді. Бір минуттан кейін, 20:45-те олар Дидар деген қыздың пәтеріне кіреді. Арада алты сағат өткен соң, 02:00-де Ақнәр анасына қоңырау шалады. Анасы қайта хабарласқанымен, тұтқаны ешкім көтермейді. 02:30-да Ақнәрдің нөмірінен бейнежазба келеді – онда Ақнәр жерде жатыр, ал үстінде отырған Ранна әлдене айтып, қолын қысып алған. Бейнематериалды түсірген үшінші қыз – Дидар. Бұл видеоны көрген анасы қайта-қайта қоңырау шалғанымен, жауап болмаған. Бірнеше минуттан кейін жедел жәрдемге үш рет қоңырау шалынады. Мәтіні: “бір қыз есінен танып жатыр”. 02:52-де тағы бір видео жіберіледі. Онда қыздың жан дауысы естіледі. Ал 02:54-те Ақнәр құлап түседі. Бірақ пәтер ішіндегі қыздар ештеңе болмағандай қалып қояды», – деді Руслан Өтепбай.

Журналист бұл оқиғаның жай-жапсары толық ашылып, кінәлі тарап анықталуы тиіс екенін баса айтты.