Президент Жолдауын жүзеге асыру: Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың жүйелі шаралары мен нәтижелері
Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын негізге алып, әлеуметтік саясат пен еңбек нарығын жүйелі жаңғыртуға кірісті. Атаулы қолдау, проактивті қызмет және қауіпсіз еңбек қағидаттары бойынша шаралар жүзеге асуда, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін уақытылы орындайды: жыл сайын шамамен 4,5 млн адам төлемдермен қамтылады. Биылғы 7 айда жоспарланған 6 трлн теңгенің 3,4 трлн теңгесі төленді. Оның ішінде 2,5 млн зейнеткерге 2,5 трлн теңге берілді; 542 мың азаматқа мүгедектігі бойынша және 195 мың отбасыға асыраушысынан айырылуына байланысты 382 млрд теңге аударылды. 613 мыңнан астам көпбалалы отбасы мен 243 мың марапатталған ана 354,5 млрд теңге алды; бала тууы мен күтіміне 200 мыңнан астам отбасыға 61,8 млрд теңге төленді, өзге төлемдер 102 млрд теңгені құрады.
Әлеуметтік көмектің моделі санатқа емес, нақты қажеттілікке қарай ауысып жатыр. Әр отбасының әл-ауқатын әділ бағалау үшін скорингтік модель әзірленіп, Шымкент пен Қарағанды облысында сынақтан өтуде. «Біз мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қысқартпаймыз. Өзгерістер зейнетақы мен негізгі жәрдемақыларға әсер етпейді, тек жергілікті деңгейдегі көмектің атаулылығы мен ашықтығын күшейтеді», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауда енді медианалық табыс ескеріледі, кіріспен қатар шығыстар да есепке алынады. Жеті айда АӘК бойынша 18,6 млрд теңге төленіп, 48 мың мұқтаж отбасы қамтылды. Еңбекке қабілетті алушылар әлеуметтік келісімшартпен жұмысқа тартылады: биыл 8,3 мың адам ресми жұмысқа орналасты.
Атаулы және белсенді қолдаудың «жүрегі» — «Бірыңғай цифрлық платформа және Отбасы картасы». Бұл жүйе түрлі мемлекеттік дерекқорларды талдап, көмекке мұқтаж отбасыларды автоматты анықтайды. Платформаға 128 Отбасын қолдау орталығы кіріктірілді, білім беру, денсаулық, әлеуметтік қорғау, полиция және пробация салаларынан 32 мыңнан астам маман жұмылдырылды. Нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға түскен 4 мың отбасы кешенді сүйемелдеуге алынған.
Инклюзивті орта қалыптастыру — негізгі басымдық. «Әлеуметтік қызметтер порталы» маркетплейс ретінде жұмыс істеп, мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерді өзі таңдауға мүмкіндік береді. Биыл портал арқылы 345 мыңға жуық техникалық оңалту құралы ұсынылып, жалпы қажеттіліктің 72,5%-ы жабылды. Интерфейс жаңарып, нашар көретіндерге арналған нұсқа жасалды; МӘС бөлімдеріне онлайн тіркелу және санаторий қолжетімділігін көру мүмкін болды. Инватакси сервисі кеңейтіліп, оны биыл 18,6 мың азамат пайдаланды; жақында жеткізушіні таңдау функциясы іске қосылады.
ОТҚ-ны уақытша әрі тегін пайдалануға беру тетігі енгізіліп, олардың жай-күйін әлеуметтік-техникалық сараптама қызметі тексереді. Құнын өтеу кезінде электронды маркетплейстер мен Портал деректері негізге алынады. Жеке көмекші институты да кеңейді: енді егде жастағы ерлі-зайыптылардың бірі көмекші бола алады, бұл үшін қамқорланатын адаммен бір елді мекенде тұру шарты қарастырылған.
Кедергісіз ортаға қоғамдық бақылау «Интерактивті қолжетімділік картасы» арқылы жүзеге асады. 2025 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша картада 23 мыңнан астам бейімделген нысан белгіленген (жалпының 55%). Биыл әлеуметтік инспекторлар 279 тексеру жүргізіп, 586 бұзушылықты анықтады; 265 ұйғарым шығарылып, 45 млн теңге айыппұл салынды.
Медициналық-әлеуметтік сараптамада проактивті формат енгізілді: 60 тәуелсіз дәрігер 36,5 мың істі қарап шықты. 30-дан астам нозология бойынша мүгедектікті сырттай белгілеу жүріп жатыр, ал ампутация немесе Даун синдромы секілді жағдайларда 31 сараптама автоматты түрде рәсімделді. Министрліктің мәліметінше, жыл соңына дейін жасанды интеллект негізінде өмір сүру шектеулілігін балдық жүйемен бағалайтын пилот іске қосылады — мүгедектік пен еңбекке жарамдылықтан айырылу ел бойынша бірыңғай стандартпен, адами факторсыз белгіленбек.
Президент тапсырмасымен Семей, Тараз, Кентау және Орал қалаларында заманауи жабдықталған төрт оңалту орталығы ашылып, 2 мыңнан астам адам қызметін пайдаланды. Әлеуметтік инновацияларға қолдау артып келеді: Астанадағы ITMLab финалында мүгедектігі бар жандарға арналған 18 жоба ұсынылып, алтауы 1 млн теңгеден грант алды; инвесторлар серіктестікке қызығушылық танытты.
Қызмет сапасын арттыру үшін лицензиялау енгізіліп, 572 орталық рұқсат алды. Бұл жосықсыз жеткізушілерді нарықтан ысырып, негізсіз қаржыландыруды тоқтатуға жол ашты; анықталған алаяқтық фактілері тиісті органдарға жолданды. Жүйеде 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкер еңбек етеді, олардың 11 мыңы біліктілігін арттырды.
Еңбек нарығында 2029 жылға дейін 3,3 млн азаматты жұмыспен қамту міндеті қойылған, жоспардың 73%-ы орындалды. Жыл басынан бері 480 мыңға жуық адам жұмыс тапты, оның 134 мыңы белсенді шаралармен қамтылды. Сапалы жұмыс орындары 2,6 млн-ға жетті, мақсат — 2029 жылға қарай 3,8 млн.
Платформалық жұмыспен қамту ресімделіп жатыр: курьерлер, такси жүргізушілері және сервис секторындағы өзге де қызметкерлер әлеуметтік тәуекелдерге қарсы қорғалады. Қазірдің өзінде 87 адамның қызметі ресми тіркеліп, 2024–2025 жылдары 2,5 млрд теңгеден астам әлеуметтік төлем аударылды. Осал топтарға қолдау жалғасуда: 119 мың мүгедектігі бар адам еңбек етіп, орташа жалақысы 266 991 теңгені құрады. Жастардан 273,2 мың адам бағдарламаларға тартылып, шамамен 80 мыңы жұмысқа орналасты, 38 мыңы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Кәсіпкерлік бастаманы күшейту үшін 4 мыңнан астам грант берілді — қаражат көбіне жабдық сатып алуға және қосалқы шаруашылықты дамытуға жұмсалды. Талдау 20% жағдайда қаражаттың тиімсіз пайдаланылғанын көрсетті: 1,3 мыңнан астам алушы зейнетақы жарнасын аудармаған, 500-ден астамы — тиесілі мөлшерден аз аударған. Бақылау күшейтіліп, бюджет қаражатын қайтару басталды; нәтижесінде 1100-ден астам алушы міндетті жарналарды төлеуге кірісті.
Жұмыс орындарын субсидиялау ережелері қайта қаралды: «Алғашқы жұмыс орны» мен «Ұрпақтар келісімшарты» «Жастар практикасына» біріктіріліп, жұмыс берушілер үшін кейін тұрақты жұмысқа орналастыру талабы күшейтілді. Инвестициялық жобалардан жұмыс орындарының ашылуын «Инновациялық жобалар навигаторы» бақылайды: жүйеде 1 424 жоба тіркеліп, 224 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланған; бүгінде 918 жоба белсендіріліп, 33,6 мың жұмыс орны құрылды.
Жұмыспен қамтуды қолдау толық цифрлық экожүйемен қамтамасыз етілген. Enbek.kz платформасында ЖИ-көмекші 50 мыңнан астам бос жұмыс орнын өңдеді, Skills Enbek арқылы 678 мыңнан астам адам оқудан өтті.
Еңбек құқықтары мен қауіпсіздігі жүйелі бақылауда. Мемлекеттік еңбек инспекциясы 3 514 тексеру жүргізіп, 4 132 құқықбұзушылықты анықтады; 2 287 нұсқама беріліп, 277 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 3,4 мың қызметкердің 1,1 млрд теңге жалақы берешегі өтелді, барлығы 28,4 мың адамның құқығы қорғалды. Өндірістегі жарақаттану 2025 жылғы 7 айда 2024 жылмен салыстырғанда 11%-ға азайып, 719 адам деңгейінде тіркелді; қаза тапқандар 14,7%-ға төмендеп, 93 адам болды.
Тәуекелдерді алдын алу үшін «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» 94,8 мың кәсіпорынды мониторингтейді: «қызыл аймақтағы» нысандар саны жыл басынан 1 715-тен 1 562-ге дейін (-8,9%) азайды. Кәсіби тәуекелдерді бағалайтын ұйымдар тізілімі оңтайландырылып, құрал-жабдық пен маманы жоқ компаниялар алынып тасталды — саны 162-ден 66-ға қысқарды.
Әлеуметтік әріптестік көпдеңгейлі жүйе арқылы дамуда: бас келісім, 17 салалық және 200 өңірлік келісім, 169 мыңнан астам ұжымдық шарт бар. Еңбек заңнамасын жаңарту аясында ең төменгі жалақы туралы ХЕҰ конвенциясын ратификациялау жөніндегі заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Негізгі салаларда еңбек қауіпсіздігі бойынша міндетті өндірістік кеңестер құру, техникалық инспекторлардың мәртебесін бекіту, жоспардан тыс тексерулерді кеңейту және еңбек қатынастарын декларациялау міндеттемелері ұсынылды. Еңбекақы тиімділігі үшін ауыл шаруашылығында еңбек ресурстарын нормалау енгізіліп, мемлекеттік секторға бірыңғай нормалау жүйесі құрылды.
Көші-қон саясаты өңірлік даму мақсаттарына бағынады. Ерікті қоныс аударуды ынталандыратын «Экономикалық ұтқырлық сертификаты» арқылы тұрғын үй сатып алуға шамамен 4,5 млн теңге беріліп, соңғы үш жылда жұмыс күші тапшы өңірлерге көшкен 6 мың отбасының жартысынан астамы бұл қолдауды пайдаланды. Қабылдаушы өңірлердегі мобилді сүйемелдеу жүйесімен биыл 6 мыңнан астам адам қамтылды. Қоныс аударушыларға конкурстан тыс тәртіпте 5 жылға дейін ауыл шаруашылығы жерлерін алу мүмкіндігі және материалдық көмекті есепке алу үшін ашық шоттардан қаражат өндіріп алуға тыйым қарастырылған; өтініштерді электронды форматта беру жеңілдетілді.
Отандастарды қолдау жалғасады: жаңа тетік іске қосылғалы 13 мың этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды. Ішкі еңбек нарығын қорғау үшін шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы бес жылда 25 мыңнан 17 мыңға дейін қысқарды.