Әлеуметтік желілерде Назарбаевтар әулетіне тиесілі зираттан жаңадан қазылған қабірдің фотосы тарап, бұл марқұм Сара Назарбаеваға тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылған еді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Alash.kz сайтына сілтеме жасап.
Осыған байланысты Tengrinews.kz тілшілері Қарасай ауданының әкімдігінен ресми түсініктеме сұрады. Әкімдік 2024 жылдың желтоқсан айында зиратқа басқа адамның жерленгенін мәлімдеді.
«Марқұм діни дәстүрге сай жерленді. Қабірде әзірге ешқандай жазу немесе тақтайша орнатылмаған. Бірақ марқұмның туыстары жуық арада белгітас қойылатынын айтты», — делінген әкімдік жауабында.
Сонымен қатар, Президент Іс басқармасына қарасты Ұлттық госпиталь да бұл ақпаратты жоққа шығарып, Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
Олардың айтуынша, ол қазіргі уақытта Ұлттық госпитальде ем алып жатыр. Дәрігерлер диагноз және науқастың жағдайына қатысты мәліметтер жарияланбайтынын, бұл науқастың жеке өмірі мен емделу барысына араласуға жол бермеу үшін қажет екенін атап өтті.