OpenAI ChatGPT қызметінде эротикалық контентке рұқсат бермек
Фото: Ашық дереккөзі

OpenAI ChatGPT қызметінде эротикалық контентке рұқсат бермек

OpenAI компаниясы жасанды интеллект негізіндегі ChatGPT платформасының мазмұн шектеулерін жеңілдетпек. Компания бас директоры Сэм Альтманның айтуынша, жаңа нұсқада ересек пайдаланушыларға эротикалық контент жасауға мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Anyqtime.kz ақпарат агенттігі.

Альтманның сөзінше, желтоқсанда шығатын ChatGPT жаңартуы пайдаланушылармен адам секілді сөйлесуге, эмоция білдіруге және достық стильде жауап беруге бағытталады.

“Егер сіз ChatGPT сізбен адам сияқты сөйлесіп, түрлі эмодзилер қолданғанын қаласаңыз — ол солай істеуі керек. Ересек қолданушыларға ересек ретінде қарау қажет,” – деді OpenAI басшысы Сэм Альтман.

Компанияның бұл шешімі қоғамда қызу пікірталас туғызды. Сарапшылардың пайымдауынша, эротикалық контентке ішінара рұқсат беру OpenAI-дің ақылы қызметтеріне жазылушылар санын арттыруы мүмкін.

Айта кетсек, бұған дейін Илон Масктың xAI жобасына тиесілі Grok жүйесі де ашық мазмұндағы материалдар жасауға рұқсат еткен еді. Бұл үрдіс жасанды интеллект нарығында жаңа бағыт қалыптастырып келеді.

Сонымен қатар мамандар ChatGPT-ді ұзақ уақыт пайдалану кей адамдардың психикалық саулығына әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе жасөспірімдердің чат-ботпен эмоциялық байланыс орнатып, шынайы ортадан алыстап қалу қаупі бар. Осыған байланысты OpenAI алдағы уақытта ата-ана бақылауы жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Еске салайық, бұған дейін ChatGPT тек бейтарап және этикалық тұрғыда қауіпсіз жауаптармен шектелген еді. Енді компания “ересектерге арналған шынайы тәжірибе” ұсыну арқылы контент ауқымын кеңейтуді көздейді.