«Аллам, мені сақташы»: Ақнәрдің өлер алдындағы сөзі бейнежазбада жазылып қалған
Коллаж: Anyqtime.kz

«Аллам, мені сақташы»: Ақнәрдің өлер алдындағы сөзі бейнежазбада жазылып қалған

Ақнәр есімді бойжеткеннің қайғылы өліміне байланысты жаңа дерек тарады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде марқұмның өлімінен бұрын түсірілген бейнежазба пайда болды. Онда Ақнәр бірнеше рет «уа ассаляму алейкум рахматуллах» және «Я, Аллам, мені сақташы…» деген сөздерді қайталап айтқаны естіледі.

Қайғыдан қан жұтқан анасы оқиғаның жай-жапсарын баяндап берді. Оның айтуынша, сол күні қызы көрші блоктағы құрбыларына Қытайдан әкелген іш киімдерді көрсетуге барған. Алайда сол жерде күтпеген жағдай болған: анасы айтқандай, екі қыз – Қытай азаматшалары – қызғанышпен немесе басқа бір ниетпен Ақнәрге күш көрсеткен.

Әлеуметтік желіде тараған тағы бір видеода бойжеткенді қинау сәті бейнеленген. Алайда бір мезетте қыздар оны жұбатқандай әрекет етіп, жағдай ушыға түскен. Ақнәрдің аянышты сөздері сол сәттің қорқынышын терең сездіреді.

Осы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бұған дейін Ақнәрдің анасы бұл жағдай бойынша әділдік талап етіп жүргенін хабарлаған болатынбыз. Ол марқұм қыздың соңғы сәттерінде бірге болған екі бойжеткеннің Қытай азаматтары екенін айтқан.