Ерболат Досаев Алматы тұрғындарымен қоштасты: “Бұл мен үшін жауапты әрі маңызды кезең болды”
exclusive.kz

Ерболат Досаев Алматы тұрғындарымен қоштасты: “Бұл мен үшін жауапты әрі маңызды кезең болды”

Бүгін Алматы қалалық мәслихатының отырысында Ерболат Досаев қала әкімі ретіндегі қызметін қорытындылап, алматылықтарға алғыс айтып қоштасты, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Ол ең алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі күрделі кезеңде туған қаласына қызмет ету мүмкіндігі мен сенім білдіргені үшін алғыс білдірді. Экс-әкім өз сөзінде бұл қызметті атқару – өзі үшін үлкен мәртебе және зор жауапкершілік болғанын атап өтті.

– Жұмысқа кіріскен алғашқы күннен-ақ алған білімім мен жинаған тәжірибемді Алматыны тұрақты даму жолына шығару үшін жұмсадым. Бұл үш жылдан астам уақыт ішінде қалада бірқатар маңызды өзгерістер орын алды. Бұл кезең – мен үшін де, қала үшін де нақты нәтижелер мен сынақтарға толы болды, – деді ол.

Досаев президент тапсырмасымен қабылданған 20-дан астам стратегиялық құжаттарды ерекше атап өтті. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы, 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспар, көлік жүйесінің мастер-жоспары және басқа да жобалар бар.

Оның сөзінше, соңғы үш жылда қаланың инфрақұрылымы кең ауқымда жаңартылып, 540 шақырым су және кәріз желісі жаңартылған, 75 шақырым жаңа жол салынған, 650 шақырым жол жөнделген. Қаланың жалпы экономикасы 20 пайыздан астам өсіп, 29 трлн теңгеден асқан. Ал бюджеттік кіріс екі еседен астам ұлғайып, 2,5 трлн теңгеге жеткен.

Бұған қоса, үш жыл ішінде Алматыда 57 мектеп пен 12 медициналық мекеме салынған немесе қайта жаңартылған.

– Қиын сәттерде қолдау көрсеткен барша алматылықтарға шын жүректен алғысымды білдіремін. Мен Алматының заманауи әрі жайлы мегаполис ретінде одан әрі дамитынына сенемін, – деп сөзін қорытындылады Ерболат Досаев.


Айта кетейік, Мемлекет басшысының тиісті жарлығымен Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімі қызметіне тағайындалғанын жазған едік.