«Ең үздігі кім?»: Ғани Бейсембаев дауыс жинаған сауалнама қызу талқыға түсті

26 мамыр, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Коллаж: Anyqtime.kz

Әлеуметтік желілерде Білім министрлерінің ішінен «ең үздігі кім?» деген сауалнама кең тарап жатыр. Мұндай науқан басталысымен оған қатысып жатқан көпшіліктің қатарында мұғалімдер мен білім саласының қызметкерлері басым екені байқалады, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Democrat.kz сайтына сілтеме жасап.

Сауалнамаға қатысты алғашқы сындардың бірі тәжірибелі ұстаз Мира Барказатқызынан келді. Ол өзінің парақшасында министр Ғани Бейсембаев 71% қолдауға ие болғанына қатысты пікір білдіріп, мұндай көрсеткіш шынайы көңіл-күйді көрсетпейтінін айтты.

— «Мұғалімдердің көбісі бұл нәтижемен келіспесе де, қорыққаннан не бұйрықпен дауыс беріп жатыр. Ал шындық мүлде басқа. Қайда қарасаң да, министрлікке сенім азайып барады», — деп жазды ұстаз.

Оның жазбасына оқырмандар да үн қосып, сауалнама нәтижесін «жасанды қолдау», «жағымпаздықтың көрінісі», «халықтан қорқу» деп бағалады.

Сыншылардың айтуынша, сауалнама дәл осы уақытта, министрге қатысты қоғамда жағымсыз пікірлер өршіп тұрған шақта таралып отыр. Соңғы апта ішінде Ғани Бейсембаевтың атына қатысты сын, шағым мен наразылық көбейіп кеткен. Мұғалімдер әділетсіздік пен қағазбастылықтан шаршағандарын айтып жатыр.

Министрдің «аттестацияны жаңартам» деген реформасы да біраз талқыға түскен. Бұл жүйе білім сапасын емес, есеп-қисап пен бизнес мүддесін көздейтін тетікке айналды деген пікір басым. Оқулықтар сапасы сын көтермейді, ал мектеп оқушыларының қылмыстық істерге жиі ілінуі де — салада жүйелі өзгеріс жоқтығын көрсетеді.

Министрдің немесе оның командасының тікелей тапсырмасымен жасалғаны белгісіз болса да, бұл сауалнама ел арасындағы наразылықты бәсеңдетудің сәтсіз әрекетіне ұқсап отыр.

— «Өзіңізге “мен не істеп жүрмін?” деген сұрақ қойып, соған шынайы жауап іздесеңіз, бәлкім жұрттың да шын көңілін ұғуға болар еді», — деп түйіндейді қоғам белсенділері.

Дайындаған – Мәриям КЕНЕСАРЫ, Democrat.kz


🔗 «Ғани Бейсембаев, оқу жылын аяқтап, орныңыздан кетіңізші»: Қарасайда мұғалімдер мен ата-аналар наразылық танытты

Тэгтер:

Ғани Бейсембаев мектеп сауалнама білім саласы