«Қазақтардың тірі болып, жер басып жүргендері татарлардың арқасы»
semeytany.kz

«Қазақтардың тірі болып, жер басып жүргендері татарлардың арқасы»

Бұл әңгімеде өткен ғасырдың 80-жылдары ауылда өмір сүрген татар шебері мен оған ерекше ықылас танытқан кейуана – Күміс әженің арасындағы байланыс суреттеледі. Автор бала кезінде түсінбеген осы мейірімділіктің себебін кейін әжесінен сұрап, тарихи бір оқиғаның куәсі болады. Аңыз-әңгіме түрінде баяндалатын сол оқиға – патша үкіметінің қазақ ауылдарын шауып, жазалаған кезеңде бір татар солдатының ескертуі арқылы тұтас бір ауылдың ажалдан аман қалуы. Жазбада Тұрысбек молданың көрегендігі, халықты құтқарудағы рөлі, қиын сәтте дұға мен бірліктің күші көркем тілмен жеткізіледі. Бұл – бір татардың ескертуі мен бір молданың батасы арқасында бір ауылдың жойылудан аман қалғаны туралы тағылымды хикая.

Жанры: Деректі-аңыздық проза / тарихи естелік әңгіме
Авторы: Мұхамеджан Жақаев

«Қазақтардың тірі болып, жер басып жүргендері татарлардың арқасы»

Өткен ғасырдың 80-жылдары біздің ауылда бір татар жүруші еді. Әлгі татар балтаны шебер қолданатын: ағаштан ою ойып, үйленген қыздардың жасауына қажетті сандық, қолжуғыш сияқты бұйымдарды керемет жасайтын.

Үйдің есік-терезесін де сол жасайтын. Еңбекақысына көбіне арақ алатын. Айтуларынша, ол 70-жылдары Сібірден келіпті. Кез келген үйге түней беретін. Қай үйге барса, сол үй оның ас-суын мойнына алатын. Көбіне ішіп жүретіндіктен, біз – балалар – одан аулақ жүретінбіз.

Ол көшеде ішіп алып, жата қалатын. Ал менің Күміс әжем әлгі татарға ерекше қамқор болатын. Әжем 1998 жылы Жамбыл облысының Шу ауданы, Белбасар ауылында 102 жасқа келіп, бала-шағасының алдында қайтыс болды. Ол – атақты Ұзақ батырдың туған жиені, яғни қызының қызы болатын. Әжем өзі шыққан елін үнемі «Шүйке» деп атайтын.

Сол татар көшеде жатып қалса, әжем бізді арбамен жіберіп, үйге алдырып, тамақ беріп, жуындырып, бәйек болатын. Есім кіре келе бұл жағдайға назар аудара бастадым. «Әжем неге бір алқаш татарды сонша сыйлайды?» деп ойлайтынмын. Бұрын сұрағанымда, «шаруаң не» деп қысқа қайырып, мардымды жауап бермеген.

Студент кезімде тағы да сұрадым:

— Әже, осы алқаш татарды неге жақсы көресіз? Төркін жағыңыздан туыстық жақындығы бар ма еді?

— Жоқ, қарағым, оның себебі басқа. Сендердің тірі болып, жер басып жүргендеріңе ертеде бір татар себепші болған еді, – деді.

— Қалай сонда? Айтсаңызшы.

— Бұл ұзақ әңгіме... Жарайды, айтайын, – деп әжем әңгімесін бастады.

Бұл оқиға – атақты Ұзақ батыр бастаған көтерілістен кейін, патша әскерлері қазақ ауылдарын шауып жатқан кез, күз айларында болған екен. Ұзақ батыр сенің атаң Тұрысбек молданың жақын туысы болған соң, біздің ауылда көтеріліске қатысқандар көп еді, көбі қаза тапты. Ішінде Нұрбек атаң да бар. Мені сол Нұрбектің інісі Қара атаңа қосқалы жатқан кез болатын. Солдаттар ана ауылды шапты, мына ауылды шапты деген хабарлар күнде келіп жатты. Біздің ауыл да көшуге дайындалып жатқан.

Бір күні кешқұрым, иығында мылтығы бар бір солдат шауып келіп, тура біздің үйге тоқтады. Ат дүбірін естіген атам сыртқа шықты. Солдат атамның құлағына бірдеңе сыбырлап айтты да, аттан түспестен кейін қарай шауып кетті. Келгені қандай тез болса, кеткені одан да тез болды.

Атам – бүкіл өңірге белгілі имам еді. Сол сәтте ауылдағыларды шақырып алып:

— Мына келген – қаладағы жекжатым, татар молданың баласы. Солдатта жүр екен. Әкесінің тапсырмасымен қазақ ауылдарын ескертіп жүрген көрінеді. Ауыл сыртында, қырдың астында зеңбірек құрып, әскерлер дайындалып жатыр. Ертең таң алдында шабуыл жасамақ. Біз дәл қазір көшуіміз керек! — деді.

— Жүкті аздан алыңдар, тек аттарға ғана артасыңдар. Әр шаңырақ бір қойдан сойып, шикідей алып кетіңдер. Тек жылқыларды ғана аламыз, қалған мал ауыр жүріске жарамайды. Аттарға артылған жүк пен адамды жылқыға араластырып, Текестің жоғары жағына, тауға жетіп, судан өтеміз. Сонда ғана аман қаламыз.

Сөйтіп әп-сәтте үйлер жиналды, теңдер буылып, аттарға артылды. Әр теңге – бір бала, бір әйелден мінгесті. Қой-ешкі, сиыр, түйелерге қараған ешкім болған жоқ. Ер-азаматтар аттарымызды жылқыға қосып қуып ала жөнелді. Мен ат үстінде отырғаныммен, тізгінге ие бола алмай, кейде аяғым жылқының қыспағында қалатын.

Таң алдында Текестің жоғарғы жағындағы тауға жеттік. Енді Текестен өту керек. Ол тұста өзеннің ағысы сұмдық қатты еді.

Сол кезде атам жылқының алдына шығып:

— Тоқтамай, суға түсіп өте беріңдер! Бір Алла жар болсын! — деді де, өзен жағасына келіп отыра қалып, Құран оқи бастады.

Жылқының алды суға түсіп, арғы бетке малти жөнелді. Жүк артылған жылқылар мен адамдар да ілесе суға түсті. Бір-бірімен қоштасып жатқандар да болды. Мен көзімді судан тайдырып, тек алдағы жылқыларға қарадым. Бір кезде жылқының алды арғы бетке жете бастағанын көріп, жүрегіміз орнына түсті.

Осылайша мыңнан астам жылқы үстіндегі адамдармен бірге арғы бетке аман өтті. Біраз құлын-тай шығыны болмаса, адам шығыны болған жоқ. Атам жылқының ең соңғысы суға түскенше Құран оқып отырды. Кейін өзі де боз айғырымен суға түсіп, аман өтті.

Солдаттар біз судан өтіп кеткен соң келіп жетті. Ат үстінде қатар тізіліп тұрып, таңырқай қарап тұрды. Бір солдат мылтығын кеземек болып еді, жанына тұрған қаба сақалды командирі оған айғайлап тастады. Анау дереу мылтығын иығына салып қойды.

Солдаттар мұнша халықтың, қыруар жылқының асау өзеннен аман-есен өтіп кеткеніне таңдана қарап, ұзақ тұрды.

Кейін ел ішінде «Тұрысбек молда Текестен өтерде Құран оқып, суды тоқтатып тұрыпты» деген аңыз тарады.

Оқи отырыңыз 👇🏻