Жалғыздық деген не, неге қорқамыз? – ғылыми дәлел
Жалғыздық – қазіргі қоғамның үнсіз эпидемиясы. Жиі айтылмайтын, бірақ жанның түкпірінен маза бермейтін сезім. Адамның жалғыз қалуы – табиғи жағдай секілді көрінгенімен, бұл құбылыс көбіне терең әлеуметтік және психологиялық тамырлардан нәр алады. Ғалымдар жалғыздықты «әлеуметтік байланыстардың жеткіліксіздігінен туындайтын ішкі күйзеліс» деп сипаттайды. Яғни адам өзін басқа адамдармен салыстыра отырып, өзіндегі жетіспеушілікті сезінеді. Қасында адамдар жүргеннің өзінде жалғыздық сезіну – қазіргі урбанизацияланған әлемде үйреншікті жағдайға айналды.
Психологтар мен әлеуметтанушылар бұл құбылысты үш түрлі модель арқылы түсіндіреді. Бірінші – адамның өзі жалғыз екенін мойындап, соны түйсінуі. Мәселен, жақындары қасында бола тұра, рухани байланысты сезінбеуі. Екінші модельде адамдар әлеуметтік және эмоционалды жақындыққа деген қажеттілігін қанағаттандыра алмағандықтан жалғыздыққа душар болады. Бұл – әсіресе ішкі сырын бөлісетін, жанын түсінетін адам таппай, үнсіз күй кешетіндердің жағдайы. Үшінші көзқарас жалғыздықты әлеуметтік байланыстардың жетіспеушілігімен байланыстырады. Қазіргі қоғамда достық формалды, қарым-қатынас жылтыр экранымызбен шектелген кезде, адамның шынайы байланыс іздеуі тым қиынға соғады.
Қызығы, кейбір адамдар жалғыздығын аңғармайды да. Олар өзін толыққанды өмір сүріп жүргендей сезінуі мүмкін, бірақ ішкі жан күйзелісі олар байқамайтын бағыттан келіп, психологиялық дистресс ретінде көрінеді. Жұмысбастылық, әлеуметтік желідегі белсенділік немесе мәжбүрлі қарым-қатынас осы ішкі бос кеңістікті толтыра алмайды. Керісінше, уақыт өте келе бұл «ішкі вакуум» депрессия, күйзеліс, өмірге деген құлшыныстың жоғалуына алып келуі ықтимал.
Жалғыздық жайлы айтқанда, оның тек кемшілік немесе трагедия екенін айтып шектелуге болмайды. Кейде ол – адамның өзімен жүздесуі, ішкі тыныштыққа ұмтылысы, өткенімен есептесуі. Алайда бұл жалғыздық таңдау арқылы келген кезде ғана пайдалы. Ал мәжбүрлі жалғыздық – әсіресе қоғамнан шеттетілген, әлеуметтік қолдаудан тыс қалған адамдар үшін – үлкен қауіп. Әлеуметтанушы Ж.В. Пузанова айтқандай, қазіргі қоғамдағы жалғыздық – әлеуметтік өзгерістердің салдары. Мобильділік, уақыт тапшылығы, тұлғалық байланыстардың босаңсуы – бәрі де адамды біртіндеп оқшау күйге итермелейді.
Сондықтан жалғыздық жайлы айту – тек жеке адамның мәселесін емес, тұтас қоғамның психологиялық климатын зерттеу. Әр адам өзінің жалғыздығымен жалғыз емес екенін түсінген кезде ғана, бұл үнсіз трагедияның орнына өзара түсіністікке, қолдауға, жақындыққа орын табылуы мүмкін.