«Басыңызды тік көтеріп жүріңіз, Анашым!»: Сотта Равиль Сәкиев соңғы сөзін айтты
Фото: Жоғарғы сот

«Басыңызды тік көтеріп жүріңіз, Анашым!»: Сотта Равиль Сәкиев соңғы сөзін айтты

Шерзат Болаттың өліміне қатысты өтіп жатқан сот процесінде айыпталушылардың бірі — Равиль Сәкиев соңғы сөзін айтты. Ол залда отырған Шерзаттың анасынан кешірім сұрап, өз кінәсін ішінара мойындайтынын және қатты өкінетінін жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

«Мен бұл іске қалай тап болғанымды әлі күнге дейін түсіне алмай келемін. Ол жерге біреуді ұрып-соғу не өлтіру үшін бармадым. Төбелес кезінде Нұрқанат Ғайыпбаев мылтық атқан соң, мен оны 2-3 рет тептім. Бірақ қолыма қару да, пышақ та ұстаған жоқпын», – деді Сәкиев.

Ол тағылған Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша айыпты толық мойындайтынын айтып, өз әрекеті үшін кешірім сұрады.

«Мен өзімді қанішер деп есептемеймін. Адам өлтірген жоқпын. Сондықтан анама айтарым — басыңызды тік көтеріп жүре беріңіз. Мен сізді ешқашан алдаған емеспін, енді де өтірік айтпаймын. Қанша қиын болса да, шындықты айтып келемін. Мен біреудің қанын мойныма жүктеген жоқпын», – деп сөзін қорытындылады Равиль Сәкиев.

Айыпталушының бұл сөзі сот залында отырғандардың көңілін толқытты. Іс бойынша үкім алдағы күндері шығуы мүмкін.


Айта кетейік, Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша өтіп жатқан сот отырысында басты айыпталушы Абзал Шынасыл соттағы соңғы сөзін сөйледі. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын айтып, алайда жазаға да, әділ үкімге де қарсы емес екенін мәлімдеді.