«Біздің көз жасымызға қалды»: Ақнәрдің анасына қатысты сіз сене қоймас деректер пайда болды
Ақнәр Гүлстанның жұмбақ өлімі қоғамда түрлі күдік пен дау тудырып жатқан тұста, оның анасы — Гүлстан Хамитке қатысты шетелден ауыр айыптаулар айтылды. Қытайда онымен бір мекемеде жұмыс істеген қазақ әйелі үндеу жасап, көпшілікке өз шындығын жеткізді. Автор аты-жөнін жария етуден бас тартқанымен, жазған әр сөзіне жауап беруге дайын екенін жеткізген, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.
«Гүлстан бізді көз жасымызға қалдырды»
Автордың айтуынша, 2014 жылы Гүлстан Хамит басшылық қызмет атқарып жүргенде, екеуіне де «эмоционалды тұрақсыз тұлғалық бұзылыс» деген диагноз қойылған. Бұл диагноз бойынша олар мерзімінен бұрын зейнетке жіберілген. Әйелдің пайымдауынша, мұндай жағдай генетикалық түрде берілуі мүмкін, сондықтан бұл ішкі күйзелістің салдарын Ақнәр де тартқан.
«Бірде күйеуім жұмысқа ішіп келіп қойды. Гүлстан болса, алты айлық жалақысын түгелдей ұстап қалды. Кейін кешірім сұрап, қой сойып апарып, тізерлеп тұрып жыладым. Бірақ ол мені қуып шықты. Аяқпен теуіп, “Жоғал үйімнен!” деді. Мені күйдірген жоқшылық емес, ардың тапталуы еді», – дейді үндеу авторы.
«Бұл - кездейсоқтық емес, жүйелі қатыгездік»
Жазбада көрсетілгендей, сол мекемеде жұмыс істеген Жарқын есімді тағы бір қызметкер де жалақысыз қалып, күйзелістен көз жұмған. Артынша оның күйеуі мен тағы екі әріптесі – Дамыл мен Қалбият – қайтыс болған.
«Мұның бәрі жай сәйкестік емес. Бұл – басшылықтың қатыгездігі мен жазасыздықтың нәтижесі», – дейді әйел.
VIP-мекеме, ішімдік пен қысым
Хат авторының айтуынша, Гүлстан Хамит VIP-қызмет көрсететін жеке мекеме ашып, сол жерге бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа шақырған. Бірақ бұл жерде ішімдік ішу, қысым көрсету, түрлі этикалық шектеулерден аттау әдетке айналған.
«18-20 жастағы қыздарға арақ ішкізді. Ақнәр осының бәрін көріп өсті. Ондай ортада өскен баланың жаны жараланбай қайтсін?!» – деп жазады автор.
Отбасын тастап, ішімдікке салынып кеткені айтылды
Жазбада айтылғандай, Гүлстан мас күйінде көршілерінің үйіне барып, бірнеше рет құсқан. Күйеуін тастап, өзінен 15 жас кіші ер адаммен бірге тұруға көшкен. Ал күйеуі Айкын – сабырлы, жайлы адам болған, оны да Гүлстан өз қолымен құлатты, деп жазады автор.
«Өмір – бумеранг»
«Енді Гүлстан ел алдына шығып, көз жасын төгіп, өзін кінәсіз етіп көрсеткісі келеді. Бірақ мен үнсіз қала алмаймын. Мен бұл сөздерді кекпен емес, әділет үшін айтып отырмын», – дейді әйел.
Ол өз үндеуінде: «Гүлстан, егер осыны оқып отырсаң – мен сенің ісіңмен айналысамын. Өмір – бумеранг» деп аяқтаған.
🔗 Ақнәр Гүлстанның өлімі, сот ісі жайлы барлық ақпараттар жиыны
Еске салайық, 2024 жылдың 20 шілдесінде Ақнәр Гүлстан Алматыдағы көпқабатты үйдің жетінші қабатынан құлап, көз жұмған. Тергеу оқиғаны “өзін-өзі өлтіру” ретінде тіркеген. Алайда туыстары марқұмның денесінде азаптаудың іздері болғанын айтып, бұл нұсқаға күмән келтірген.
Кейін анасы Гүлстан Хамит та мәлімдеме жасап, тергеу жеңіл баппен қаралып жатқанын, нақты қылмыстық іс жүргізілмей жатқанын мәлімдеген.
Ал Алматы қалалық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, тергеу жалғасып жатқанын хабарлаған.