«Бір жарым ғасыр жөндеу көрмеген»: Сарыбұлақ ауылындағы мектептің қазіргі жағдайы
«Сарыбұлақ ауылындағы мектеп мәселесі: Үкімет ауылда халықтың қалмауына мүдделі секілді»
Еңбекшіқазақ ауданы, Сарыбұлақ ауылының тұрғындары құзырлы мекемелерден жаңа мектеп сұрап шаршады. Бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп ғимараты осы күнге дейін күрделі жөндеуден өтпеген.
«Жыл сайын Тоқаевқа үндеу жасау ендігі дәстүрімізге айналды. Күдерімізді үзейін дедік», – дейді ауыл тұрғындары.
Сарыбұлақ ауылының тұрғындары ел президенті Тоқаев пен оқу-ағарту министріне үндеу жасап тұр
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Сарыбұлақ ауылының тұрғындары жиналып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа, сондай-ақ Алматы облысының білім басқармасына видеоүндеу жолдады. Бұған дейін де тұрғындар өз бетінше бірнеше рет үндеу жасаған. Алайда ешқандай жауап болмаған соң, Minber.kz ақпараттық агенттігі арқылы ресми сауал жолдап, биліктегі жауапты тұлғаларға үндеу мен талаптарын жеткізді.
Үндеуде 1931 жылы салынған, еліміздегі ең ескі мектептердің бірінде оқуға мәжбүр екендерін айтып шағымданады.
«Бір ғасырлық мектепте оқуға мәжбүрміз. Қаншама әкім, шенеунік ауысты. Олар тек құрғақ уәде берумен шектелді. Былтыр ғана «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері келіп, біздің ауылға 300 орындық мектеп салынатынын айтып, жерге қазық қаққанда, қатты қуанған едік. Бірақ көп ұзамай бұл мектеп басқа ауылға салынып кеткенін білдік. Үкіметтің “Жайлы мектеп” жобасы аясында 2023-2024 жылдары Сарыбұлаққа мектеп салынады деген жоспар болғанымен, соңғы шешім бойынша құрылыс басқа елді мекенге ауыстырылған. Не себепті бұлай болғанын ешкім түсіндірмеді», – делінген халық үндеуінде.
Бұл жайында толығырақ Instagram желісінен көруге болады.
Әлеуметтік желі қолданушылары не дейді?
Желі қолданушылары мен жақын маңдағы ауыл тұрғындары бұл жағдайды қызу талқылап жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев тарапынан бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай жауап жоқ.
— Бала кезіміз осы мектепте оқып өстік. Біз бітіргелі 30 жылдан асты, әлі бір өзгеріссіз тұр мектебіміз. Жылда барғанда көріп ішіміз ашиды. Ешқашан спорт залы болмады. Далада өтті дене сабақтары. Әрине, жаңа мектеп салынар уақыт келді деп ойлаймыз. Өте ескі баспалдақтардың өзі ағаштан салынған баяғы кезде.
— Мұндай мектепте оқу тіпті ұят, жаңа Қазақстанымыз осы ма? Серік ағай дұрыс айтады, мектебі бар жерге мектеп салған әкімдер не мақсатпен сондай жасап жатыр екен? Ауылға, балаларға шын жанашыр адам, жоғарыда отырған басшылар, ел сайлаған депутаттар қайда? Мектебі бар жерге мектеп салып жатқандары қалай?
— Мектепте үлкен іс-шара жоспарланған кезде жауын-шашын, жел болмаса екен деп тілейміз. Себебі, ауа-райы қолайсыз кезде оқушыларды тұрғызып тізбек ететін акт залы, спорт залы айтпағанда жай ғана дәліз де жоқ. Қазір барлық жұмыс әлеуметтік желіге салынатын болғандықтан, видео түсіру үшін әдемі фон қажет, ұяламыз ескі мектепімізден. Біздің де оқушыларымыз жақсыға әбден лайық деп айта аламыз! Сол себепті бізге жаңа мектеп керек!
Балаларымыздың оқушы ретінде құқығы тапталып жатыр.
Сарыбұлақ ауылындағы мектеп оқушылары қалай тамақтанады?
Мектеп ғимаратында асхана ретінде шағын бір сыныпты бейімдеп қойған. Алайда мұнда тұрақты аспаз да, берілетін тамақ та жоқ. Балалар ыстық тамақ ішу үшін мемлекеттік сатып алу порталы арқылы тендер ойнатылады. Тендерден жеңген мердігер мекеме балаларға тамақ жеткізіп береді. Ал тендер ойнатылмаған уақытта балалар тамақты үйден алып келуге мәжбүр. Мұнда көпбалалы отбасы балаларына арналған тегін тамақ деген жүйе атымен жоқ. Бұл жағдай ауыл оқушыларына қалыпты нәрсе секілді болып кеткен. Себебі олардың әкесі, шешесі, тіпті ата-әжесі де дәл осы мектепте дәл осындай жағдайда білім алған.
Ата-аналардың айтуынша, балалардың оқушы ретіндегі құқықтары аяққа тапталып жатыр. Себебі XXI ғасырда, заманауи технологиялар қарыштап дамыған заманда, олардың балалары кеңестік кезеңнен қалған, құлаудың аз-ақ алдында тұрған ескі мектепте оқуға мәжбүр.
Мұндай жағдайға төзе алмаған кей ата-аналар балаларын жақсы білім беру үшін қалаға көшіп кеткен. Себебі, «жаңа мектеп салынады» деген үміт баяғыда-ақ өшкен.
«Сарыбұлақ ауылына мектеп салу әзірге жоспарда жоқ»
Тұрғындардың өтініші бойынша “Мінбер” ақпарат агенттігі электронды өтініш жүйесі арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа, Алматы облысының әкімдігіне және облыстық білім басқармасына ресми сауал жолдады. Алайда төрт мекеме де бір ғана ортақ жауаппен шектелген.
Олардың жауабында былай делінген:
“Бірінші кезекте, үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы №963 қаулысымен Алматы облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 53 мектеп салу көзделген. Бұл тізімде үш ауысымда оқытылатын 38 мектеп пен оқушы орны тапшы мектептер ғана қамтылған. Перспективасы бар ауылдар мен оқушы саны 300-ден асатын мектептерге басымдық берілді. Бұл шешім педагогтер, қоғамдық кеңес, ата-аналар, депутаттар мен сала мамандарынан құрылған жұмыс тобының жан-жақты сараптауымен қабылданып, Оқу-ағарту министрлігінде бірнеше мәрте қайта қаралды”.
Сарыбұлақ ауылы бұл тізімге енбеген. Себебі мұнда оқушы саны 300-ге жетпейді және мектеп үш ауысымда оқытпайды. Егер 2026-2027 жылдары жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылса, мектеп салу мүмкіндігі қаралады делінген.
Ауылдарды сақтап қалудың орнына, жүйе олардан үміт үзуде
Соңғы 30 жылда Қазақстанда 1300 ауыл жойылған. Тағы 3000-ға жуық ауыл жойылу алдында тұр. Алайда Үкімет бұл ауылдарды сақтап қалу емес, «перспективасы жоқ» деген сылтаумен инфрақұрылым тартуға да құлықсыз. Типтік мектеп салынбаған ауылдан халықтың жаппай көшіп жатқаны – осы саясаттың салдары.
Халықты ауылда ұстаудың орнына, олардың балаларына лайықты білім беру мүмкіндігінен айырып, жаңа мектеп салмау арқылы мемлекет өзі ауылды бос қалуға итермелеп отыр.