Қаралы хабар! «Үлкені – 6-да»: Тілсіз жау бір отбасының 5 баласын түгелдей жалмады

4 маусым, 2025 / Теңіз Тамшыбаев
Фото: www.freepik.com

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында елдің жанын ауыртқан қайғылы оқиға тіркелді. Жымпиты ауылында жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан бір отбасының бес бірдей баласы көз жұмды, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі.

Қайғылы жағдай 3 маусым күні кешкі уақытта орын алған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама түсе салысымен оқиға орнына өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем бригадасы шұғыл жеткен. Құтқарушылар балаларды жанып жатқан үйден шығарып, аудандық ауруханаға жеткізген.

Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бес бала да тіршілік белгілерінсіз жеткізілген. Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Алдын ала болжам бойынша, балалардың өліміне көмірқышқыл газымен улану себеп болуы мүмкін. Сырым ауданы әкімдігі Жымпиты ауылындағы тұрғын үйден өрт шыққаны жөніндегі хабар сағат 15:00 шамасында түскенін растады.

Қаза тапқан балалар – бір отбасының перзенттері. Ең кішісі – 1 жаста, үлкені – 6-да. Әкесі – жергілікті "Демалыс орталығы" мекемесінде, ал анасы ауыл дүкендерінің бірінде жұмыс істейтін қарапайым еңбек адамдары. Отбасы жалдамалы үйде тұрған. Өрт болған сәтте ата-анасы жұмыс орнында болған.


Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл жағдай назардан тыс қалмайтынын және отбасына мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін нақты айтты.

Тэгтер:

өрт Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылы бес бірдей баласы көз жұмды