«Сақалдың киесі»: Қасиетті дұға мен өкінішке толы жиырма жыл
Фото: Жасанды интеллект

«Сақалдың киесі»: Қасиетті дұға мен өкінішке толы жиырма жыл

Бұл — ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін шынайы суреттейтін, үлкен мен кіші арасындағы қарым-қатынасты, адамгершілік пен тәкаппарлықтың тартысын өрнектейтін ғибратты әңгіме. Автор қарапайым ғана жағдай арқылы өмірлік маңызды мәселелерге — сөз қадірі, қарияның батасы мен наласы, кешірім мен тәубенің уақытында жасалуы керектігіне терең мән береді. Көңілге түрткі, жанға сабақ болатын бұл туынды оқырманды ойландырып қана қоймай, ішкі тазалық пен рухани жауапкершілік жайлы да үнсіз сұрақтар тастайды.

Жанры: Тәрбиелік бағыттағы реалистік әңгіме
Авторы: Белгісіз
Ник Нейм: Мукадкс Мукадес

«Сақалдың киесі»: Қасиетті дұға мен өкінішке толы жиырма жыл

Бұл оқиға мен келін болып түскен ауылда болған еді. Бір күні ата-енем:
— Нәзипа қайтыс болыпты...
— Жарықтық, неше жыл жатты өзі? Қуатбай марқұм қай жылы қайтыс болған еді? Пәлі-і-і... Жиырма жыл өтіп кетіпті ғой! – деп күбірлесті.

«Ол кісі кім?» деп сұрағанымда, енем бір күрсініп алды да, әңгімені баяу үнімен, тереңнен бастап айтып берген еді. Бұл сөзден ғибрат алған мен, ел ұмытпасын деген ниетпен, осыны «Алаш айнасы» газетіне жолдап отырмын.

Ауыл шетіндегі ескі, шоқ теректердің түбіндегі үйде Қуатбай есімді қария тұратын. Жасы жетпістен асып, таяғына сүйеніп жүрсе де, мал суаруға өзі барып, құдықтан су тартуды ешкімге тапсырмайтын. Қауғамен су алып, науаны асықпай толтырып, содан соң барып малына беттейтін. Бірақ бір емес, бірнеше рет сол суды өзі келгенше біреу ішіп кететін де, бар еңбегі еш болатын.

Бұл құбылыс күн сайын қайталана берді. Қарттың іші алай-дүлей болса да, үндемей жүре берді. Ақыры бір күні шыдамы таусылып, су толтырылған науаның жанында міз бақпай отырып алды.

Көп ұзамай қотанның арғы жағынан қой-сиырын айдап, Нәзипа келіншек шыға келді. Жаңа түскен келін екен, пысықтығымен елге танылып үлгеріпті. Бірақ сол пысықтықтың астарында көкіректік пен тік мінез де бар көрінеді.

Нәзипа келіп, бір сөз айтпастан, малын науадағы суға қойып жіберді. Сонда Қуатбай қарт жәймен ғана:

— Қарағым, мен шал-кемпір болып отырғанда, мына суды тартып алу оңайға соқпайды. Келесіде менің малым ішіп болған соң ғана әкелсең, дұрыс болар еді, – деді.

Келіннің жауабы төбеден жай түсіргендей болды:
— Әрі кет, сақалыңды ұрайын, қақпас! – деп бет бақтырмастан кете барды.

Осы бір ауыз сөз – қарияның жанын жаралап, көңілін езіп кетті. Бұдан былай Қуатбай қарт құдық басынан кетпей, өз малы толық су ішкенше күтетінді шығарды. Алайда күндердің бірінде малы су ішпей, үркіп тұрып қалды. Қария судың бетіне үңілсе, бетінде түрлі түсті майдың жұқалтаң қабаты қалқып жүр. Әлдекім, тап-таза құдыққа кәрәсін (керосин) құйып кетіпті. Бұл аздай – құдық иіс беріп, мал су ішпей қойды.

Қарт шүберек шылап жылап оралды. Бірақ бұл жолы үнсіз отыра алмады. Киініп, ат-арбаны дайындап, бәйбішесіне:

— Зиратқа барып қайтамын, – деді де, жолға шықты.

Ата-бабалар қорымына келіп, ұзақ уақыт Құран оқыды. Ең соңында:
— Сақалыма тиіскен пәлекетті өздеріңе тапсырдым, – деп, көкке қарап, бетін сипады.

Арада көп өтпей ауылға суық хабар тарады. Нәзипа аяқ астынан сал болып қалыпты. Жамбасы тесіліп, төсекке таңылған екен. Туыстары дәрігер жағалап, емші-бақсы аралап шарқ ұрды, бірақ аурудың беті қайтпады. Тіпті өз-өзіне келіп, тәубесіне түскені де байқалыпты.

Арада жылдар өтті. Қуатбай қарт та төсек тартып жатқан еді. Ажал аузындағы қарияға Нәзипаның қайынағалары келіп:

— Ата, келінімізге кешірім беріп кетіңіз. Көресісін көрді ғой... – деп жалынады.

Ауыр тыныс алып, демі үзіліп жатқан ақсақал күбірлеп:

— Енді үлгермеймін-ау... Кешірім беру үшін қайтадан ата-баба зиратына барып, дұға оқуым керек еді. Ол үшін күшім жоқ. Ертерек келу керек еді... Кешіктіңдер, – деген екен.

Сол жатқаннан Нәзипа жиырма жыл бойы төсек тартып, өмірдің бірде-бір қызығын көрместен, бейнетпен бақиға аттаныпты.

Менің естігенім – осы. Ол кезде жас келін едім. Бірақ осы оқиғадан кейін мен дұғаның, қарияның, тіпті әр сөздің де киесі болатынына сендім.

"Өмірден алынған әңгімелер..." тобынан
Мукадкс Мукадес