«Түрмеден шықпайды деп ойлайсыңдар ма»: Шерзаттың туыстары қысым көргенін айтты
Талдықорғанда Шерзат Болаттың өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот үкімі жарияланғанымен, марқұмның туыстары мен жақындарына әлі де қысым жасалып жатқаны айтылды. Бұл туралы Шерзаттың әпкесі мәлімдеп, сот үкімінен кейін де айыпталушы тараптан үркіту сөздері болғанын жеткізді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Сот процесі аяқталып, күдіктілерге түрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілгеннен кейін, сот залында айыпталушылардың туыстары мен жақындары наразылық білдіріп, жанжал шығарған. Ал жәбірленуші тарап үкіммен келісетінін, бүгінгі сот шешімін өздері үшін әділетті деп қабылдағанын айтты.
– Сот үкімімен келісеміз. Бастапқыда қорғаушылар тарапынан кеткен кейбір кемшіліктер болды: «Бұзақылық» бабы емес, «Топтық қылмыс» ретінде қаралуы керек еді. Бірақ қазіргі адвокаттармен бірге соттың осындай дәрежеге жеткеніне шүкір дейміз. Оларға алғысымыз шексіз, – деді Шерзаттың әпкесі.
Алайда ол сот үкімінен кейін де қауіп-қатердің сейілмегенін жасырмады. Айтуынша, айыпталушы тарап еш өкінбеген, тіпті қорқытуға дейін барған.
– “Біз шықпайды деп ойлайсыңдар ма?” деп қарап тұрып айтты. Ешқайсысында өкініштің ізі де жоқ. Тік қарап, саусағымен көрсетіп, қорқытуға тырысты. Сот залынан шыққаннан кейін де олардың ата-аналары тарапынан қысым сезілді. Бастапқыда біз ғана қорқамыз ба деп ойласақ, адвокаттардың өздері де қауіп сезінгенін айтты, – дейді марқұмның әпкесі.
Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Соттың бүгінгі үкімімен бірге, бұл оқиғаның салдары мен психологиялық салмағы да жәбірленуші тарап үшін әлі де жалғасып жатқаны аңғарылады.