«Жан түршігеді»: Сот үкімнен кейін сотталғандар жұдырықтасып, ата-аналар жылап қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

«Жан түршігеді»: Сот үкімнен кейін сотталғандар жұдырықтасып, ата-аналар жылап қалды

Шерзат Болаттың өліміне қатысты көптен күткен сот үкімі жарияланған сәтте Талдықорғандағы сот залында жағдай шиеленісіп кетті. Сотталушылардың ата-аналары үкімге наразылық білдіріп, айғайлап, дүрлігу тудырды. Оқиға сәті әлеуметтік желіде тараған видеолардан анық көрінеді, деп хабарлайды Anyqtime.kz тілшісі Skifnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Видео жазбаларда сот залындағы эмоцияның шарықтау шегіне жеткені байқалады. Сотталушылар отырған арнайы әйнек бөлімшенің артында шу күшейіп, төбелес басталып кеткені байқалады. Қатты шыққан жұдырық дауыстары мен әйнектің сарт-сұрт үндері тіпті қабырғаның жарылып кете жаздағанын көрсетеді.

Туыстарының дауыстары жазбада айқын естіледі:

«Абзал, қой, Құдайдан қайтсын!»,
«Дидар, қой!» – деп жұрт сабырға шақырғанымен, жағдай ушығып кеткен.

Кейбір айыпталушылардың туыстары «Қаржаубай сотталсын!» деп айғайлап, сот үкімімен келіспейтінін ашық білдірген. Ал залда отырғандардың кейбірі сотталушыларды атымен атап, оларды сабырға шақыруға тырысқан.

Осыдан-ақ Шерзат ісінің қоғам мен тараптардың ішкі жарасын тереңнен қозғағанын көруге болады. Қатаң үкім тек заң жүзіндегі шешім емес, жақындардың жүйкесіне түскен ауыр салмақ екені де көрініс тапты.


🔗 «Түрмеден шықпайды деп ойлайсыңдар ма»: Шерзаттың туыстары қысым көргенін айтты