Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәурен Қосанов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы қызметін атқарған еді, деп хабарлайды Anyqtime.kz.
Әскери жолдың белсенді өкілі
Дәурен Жұматайұлы Қосанов 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысы, Краснокут ауданына қарасты Новотроицкое ауылында дүниеге келген.
Ол 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық училищесін тәмамдап, кейін Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясында (2005 ж.) және Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің Бас штабы жанындағы әскери академияда (2013 ж.) білімін жалғастырған.
Қызметтік тәжірибесі кең
Қосанов түрлі әскери құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған:
– Талдықорғандағы «Су-27» эскадрильясының командирі;
– Қарағанды авиабазасы штабының бастығы;
– Шымкент авиабазасының командирі;
– Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшысы;
– Ақтөбедегі Әскери институт директоры.
2022 жылдың 29 желтоқсанында Президент бұйрығымен Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болып бекітілген болатын.
Марапаттары
Қосанов — «Әскери ұшқыш-мерген» атағына ие. Ол II дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және басқа да бірқатар мерейтойлық наградалармен марапатталған.
Айта кетейік, "Қазпоштаны" басқарған Әсел Жанасова Президент кеңесшісі болып тағайындалды.